Кафеде төбелеспек болған сайрамдық шенеунік пен полицейге қатысты қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде лауазымды тұлғалардың кафеде ерегісіп жатқандығы туралы видео тарады. Онда төрт-бес жігіттің бір-біріне былапыт сөздер айтып, төбелеспек болғандарын көруге болады. Кей ақпарат құралдары видеодағы азаматтар Сайрам ауданы, Ақсукент ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерлан Оразбаев пен Сайрам аудандық анықтау бөлімінің бастығы Нұржан Сұлтанбаев және Сайрам АІІБ анықтау бөлімінің қызметкері Руслан Қайнаров екендігін жазуда.
Бүгін Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты, пікір білдірді.
«Бұл оқиғаның Сайрам ауданында болғаны анықталды. Бейнежазбадағы жанжал Түркістан облысы Полиция департаментінің назарына алынып, қызметтік тексеру жұмыстары басталды. Қосымша мән-жай хабарланатын болады» - делінген хабарламада.
Ал, Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Мүслім де ауылдық әкім орынбасарына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ақсукент ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерлан Оразбаев денсаулық жағдайына байланысты емделіп жатқандықтан, әзірге нақты шешім қабылданбаған.