Қадір түні Алматы Орталық мешітінде - 2500 адамға ауызашар, 1500 адамға сәресі берілмек, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы Алматы қаласы Орталық мешітінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«31-мамыр күні, яғни бүгін Алматы қалалық Орталық мешітінде 2500 адамға ауызашар дастарханы жайылып, Қадір түнін мешітте күтушілер үшін 1500 адамға лайықталған сәресі берілмек. Өздеріңізге белгілі, ислам ғалымдары Қадір түнін Рамазан айының 27-ші түні деп топшылаған. Сондықтан да мұсылман үмбеті аталған түнді ерекше қадірлеп, құрметтейді»,- деді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, биыл Қадір түні Алматы Орталық мешітінде арнайы бағдарлама бойынша аталып өтпек. Атап айтқанда, жамағатқа білікті отандық дін ғалымдары түрлі тақырыптарда уағыздар айтып, қарилар Құран оқиды. Жамағатқа викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар табысталады. Орталық мешітте Рамазан бойы мешіт жамағаты арасында өткен «Раббым! Білімімді арттыр!» сайысы өз мәресіне жетіп, жарыс жеңімпазына Ұмра қажылығы берілетін болады. Парыз бен нәпіл намаздары оқылып, еркін құлшылыққа да уақыт беріледі.