20 шіл, 2022 сағат 19:31

Jusan Bank-ке мемлекеттен берілген қаржылай көмек біртіндеп қайтарылуы мүмкін


Jusan Bank-ке мемлекеттен берілген қаржылай көмекті біртіндеп қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Jusan Bank-тің бүкіл мәмілесінен мемлекетке келген шығынды айтсақ, кейінгі 5 жылдың ішінде тәуелсіз сарапшылардың көмегімен «АТФ Банк» АҚ-ның «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ны сатып алуы туралы мәміле ұсынылған болатын. 2020 жылы банктер біріктіріліп, тәуелсіз бағалау қорытындысы (Due Diligence) бойынша «АТФ Банктің» шығыны 124 млрд теңге деп белгіленді. Бұл шығын «АТФ Банктің» жеке қаражаты есебінен жабылған. Осы мәміле аясында «АТФ Банк» пен Jusan Bank-тің бұған дейін шығарған облигациялары мерзімін ұзарту және сыйақы мөлшерлемесін 4%-дан 0,1%-ға дейін түсіру жолымен түрлендірілген еді», - деп жазылған жауапта. 

Үкімет басшысының мәліметі бойынша, аталған шараның арқасында Jusan Bank-тің жеңілдетілген сыйақы мен нарықтағы сыйақының айырмашылығы есебінен 126 млрд теңге көлемінде қарыз қалыптасқан. 

Ол ақшаның бәрі «АТФ Банктің» шығынын өтеуге бағытталған. 

«Сондай-ақ, Jusan Bank акционерлері 97 млрд теңге көлемінде қосымша капитал құйған болатын. Бүгінгі таңда Jusan Bank капиталы толысып, өтімділік деңгейін көрсетіп отыр. Капитал қоры - 311 млрд теңге болса, өтімділік көрсеткіші - 1,2 трлн теңге. Капитал қоры мен өтімділік деңгейінің жеткілікті екенін ескеріп, бүгінгі таңда Jusan Bank-ке мемлекеттен берілген көмекті біртіндеп қайтару мәселесі қарастырылып жатыр», - дейді Әлихан Смайылов.