Сурет: exk.kz
Jusan Bank Қазақстанға Jusan тобын бақылауды қайтару ниеті туралы Бас прокуратураның мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
Jusan Bank баспасөз қызметінің мәліметінше, банк әдеттегідей жұмысын жалғастырып жатыр, клиенттер алдындағы барлық міндеттемелер орындалған.
"Банк пен оның негізгі акционерлері - Қазақстан Республикасының азаматтары. Қаржы институты реттеушінің және ұлттық заңнаманың барлық талаптарын орындайды. Сондықтан Бас прокуратура Jusan тобына қатысты іс бойынша ақпараттық хабарламасында атап өткендей, Jusan Bank қызметі бұл талқылаулардың нысанасы емес екенін ескерген жөн.
Jusan Bank - елдегі ең ірі банктердің бірі. Қазақстандағы ең ірі банктердің арасында капиталдың активтерге шаққандағы көрсеткіші бойынша 1-орында және меншікті капиталы бойынша 3-орында тұр.
Банктің қазіргі көрсеткіштері пруденциалдық нормативтерінен айтарлықтай жоғары, бұл оның қаржылық жағдайы жоғары деңгейде және ұйымның несие тәуекелі төменгі деңгейде екенін көрсетеді.
Банктің меншікті капиталы 542 миллиард теңгеге тең. Бұл ретте капитал резерві 395 миллиард теңгеге жетеді.
Банктің кешіктірілген несиені жабу резервінің деңгейі жоғары, бұл қолданыстағы қарыздарды 225 пайызға өтейді.
Банктің ликвидті активтері 1,5 триллион теңгеге жетеді, бұл клиенттердің қолданыстағы қаражатын толық көлемде өтейді", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, банк белсенді түрде ел экономикасын несиелендіріп жатыр. 2022 жылы клиенттерге берілген несие көлемі 12 пайызға артқан. Өткен жылы клиенттердің жалпы базасы 55 пайызға артып, бүгінде Қазақстан бойынша жеке және заңды тұлғалардың саны 3 миллионға жеткен.
Жалпы, Банк бизнесті жүргізудің ашықтық қағидатын ұстанып, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуды жалғастыра бермек.
"Jusan Bank қызметін қалыпты режимде жалғастырады, клиенттер алдындағы барлық міндет орындалады", - деп толықтырды банк баспасөз қызметі.