© Photo: ҚР СІМ Facebook парақшасынан
Израильде қазақстандықтардың бірі қайтыс болып, екеуі жоғалып кеткені туралы ақпаратқа сыртқы істер министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Израиль сыртқы істер министрлігі бір қазақстандық қаза тауып, екеуі жоғалып кетті деген тізімді жариялаған болатын. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз жетекшісі Айбек Смадияров бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Бір қазақстандық қайтыс болып, екеуі жоғалып кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бізде бұл туралы ресми ақпарат жоқ. Израиль тарапы бұл ақпараты үшін кешірім сұрады", - дейді Смадияров.
Айта кетейік, бұған дейін де Израиль жерінде қазақстандықтардың жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Кейіннен израильдіктер жалған ақпараты үшін кешірім сұраған еді.