17 қаз, 2023 сағат 17:27

Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс: СІМ мәлімдеме жасады

Фото: facebook.com/MODIsrael

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ХАМАС пен Израиль арасындағы қарулы қақтығысқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстан ХАМАС-тың израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптайды. Біз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кепілге алынған адамдарды алдын ала шартсыз дереу босату және гуманитарлық көмекке кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігі туралы үндеуін қолдаймыз. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бішкекте өткен ТМД Саммитіндегі мәлімдемесінде келесідей айтылды: «Ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін террористік әрекеттерді жасауға болмайды. Бұл әрекеттер ақтауға жатпайды». 

Сондай-ақ, Қазақстан Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырады" - делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері мұндай жағдайда халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Палестина халқының заңды құқықтарын көздейтін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын орындау өте маңызды екеніне тоқталған.

"Зорлық-зомбылық әрекеті қайта зорлық-зомбылықты тудырады және Таяу Шығыс пен бүкіл әлем үшін сөзсіз қайғылы салдарға алып келеді.

Қазақстан Газа секторының тұрғындарын эвакуациялау үшін белгіленген мерзімдерді алып тастау және қақтығыстың кепілдеріне айналмауы тиіс бейбіт тұрғындардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен халықаралық қоғамдастықпен ниеттестік білдіреді. 

Осыған байланысты Қазақстан тараптарды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуын қамтамасыз етуге және «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде аймақтың барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді жандандыруға шақырады" - делінген хабарламада.