ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыным берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет. Ең алдымен – өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу. Екінші – өңдеу өнеркәсібі мен құрылыста қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу. Үшінші – жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық жобалар пулын сапалы іске асыру», - деді Руслан Дәленов Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, министр дағдарысқа қарсы шаралар бойынша қаражаттың тиімді игерілуін және жыл қорытындысы бойынша өсудің нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарының үлесін ұлғайту керек. Қаржы жылын толыққанды аяқтап, экономикаға қаражатты жылдам енгізу үшін келесі жылға арналған рәсімдерді дайындау қажет», - деді Р. Дәленов.