ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2021 жылғы мамырдағы іскерлік белсенділік индексіне түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алынған бағалау нәтижесі бойынша іскерлік белсенділік индексі мамырда 0,6 ұлғайып, 51,1 (сәуірде – 50,5) құрады.
Бұл ұлғаюға қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштің 52,3-ке дейін (сәуірде – 50,7) артуы әсер етті. Сонымен қатар өнеркәсіп пен құрылыстағы көрсеткіштер 49,6-ға және 47,5-ке дейін төмендеді (сәуірде – 50,4 және 48,0).
Оның айтуынша, 2021 жылғы мамырда респонденттер елде бизнес жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өткен.
«Қазіргі бизнес-жағдайларын бағалау жөніндегі жауаптар теңгерімі 4,3 (сәуірде – 3,7) болды. Кәсіпорындар өнімге/қызметке сұранысты, коммуникацияларға және қаржыға/кредиттерге қолжетімділікті оң бағалады, салық жүктемесі мен бизнесті қорғау мәселелері теріс баға алды.
Кәсіпорындардың келесі 6 айдағы болашақ бизнес-жағдайларына қатысты оптимизмі төмендеді: оларды бағалау 17,2 (сәуірде – 20,1) болды. Нәтижесінде экономика бойынша бизнес ахуалы индексі аздап нашарлап, 10,7 (сәуірде – 11,8) болды.
2021 жылғы мамырда сауалнамаға 459 кәсіпорын қатысты: құрылыста – 67, өнеркәсіпте – 173, қызметтерде – 219», - деді Ж.Шаймарданов.