21 қар, 2018 сағат 11:54

Ирина Черных: Президент өз мақаласында жаңа тарихи бастамаларды алға тартты

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жаңа тарихи дискурсқа мұрындық болды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ирина Черных айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат агенттігі.

«Меніңше, Президенттің осы мақаласы - оның қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі алғашқы мақаласының логикалық жалғасы. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірінші мақаласында-ақ қазақ халқының тарихы жайлы айта келіп, «Біз кімбіз?», «Қайда барамыз?» деген сияқты сұрақтарды көлденең қойған болатын. Яғни, бірінші мақала жалпы қазақстандық сәйкестікті қалыптастыру мәселелеріне арналды. Мына мақала да жалпы сәйкестікті қалыптастыруға қатысты, бірақ енді Президент тарих тұңғиығына тереңдей отырып, кеңірек ашып көрсетеді. Яғни, ол, ең алдымен, Қазақстан - Ұлы дала елі екенін айтады», - дейді Ирина Черных.

Сарапшы қазір Қазақстан әлемге мұнайымен, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен, ядролық қаруды таратпау бағдарламасы және басқа да бірқатар халықаралық бастамасымен танылғанын тілге тиек етті.

«Бүгінде Президент «Қазақстан - Ұлы дала елі» жаңа тарихи дискурсына мұрындық болып отыр. Ол өз мақаласында Қазақстан орналасқан Ұлы дала кеңістігінің не екенін нақтылайды. Біз өзімізге тарих призмасы арқылы қараймыз. Осы мақалада Президенттің қазіргі қазақстандықтардың ата-баба мекеніне, олардың жаһандық тарихқа, жаһандық өркениетке қосқан үлесіне талдау жүргізеді. Ол осы жерде ойлап табылған, жаһандық өркениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан бұйымдар туралы айтады. Яғни, біздің болмысымызды, өткеніміз бен бүгінімізді көрсетеді әрі бұл - Президент айтқан қоғамдық сананы жаңғыртудың жалғасы», - дейді Ирина Черных.

Сарапшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» және «Туған жер» жобаларын еске салды.

«Қазір Президент Қазақстанның тарихымен, зерттеулерді дамытумен байланысты бұрынғыдан да көбірек ұсыныстар айтып жатыр. Мысалы, «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері» секілді тарихпен байланысты, біз кімбіз, қайда барамыз деген сияқты мәселелерге арналған көптеген бастамаларды алға тартты», - дейді тарихшы ғалым.