17 нау, 2022 сағат 14:00

Ірі әуе компанияларына авиаотын сатуға тыйым салу ұсынылды



Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин авиакеросин нарығын реттеудің жаңа тәсілін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Авиакеросинді сату нарығында әуежайлар өздерінің тарифтік саясатына тәуелді. Өйткені негізгі кірісті авиакеросинді қайта сату арқылы тауып отыр. Авиациялық отынның 72%-ын екі компания бақылайды. Олар: 54% үлесі бар «PetroSun» ЖШС мен 18% үлесі бар «ҚазМұнайГаз» АҚ. «PetroSun» ЖШС-нен көбінесе «AirAstana» АҚ (45%), «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ (17%), «Scat» ЖШС «13%), «Винес трейдинг» ЖШС (9%), «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ (8%), «Qazaqair» АҚ (3,3%) сатып алады. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның авиаотынын түгелдей «ҚазМұнайГаз Аэро» АҚ сатып алады», - деп түсіндірді Серік Жұманғарин. 

Агенттік төрағасы былтыр ішкі нарыққа арналған авиотынның 10% сату тауар биржалары арқылы сатылғанын атап өтті.

«Бұл жақсы тәжірибе болды. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы авиациялық отынның орташа өлшенген индексі тоннасына 247 мың теңгеден болды. Біз биыл жолаушылар ағынының көлемі 2 млн тоннадан асатын әуежайлардың авиакеросин сатуына тыйым салуды ұсынып отырмыз. Өйткені олар авиакеросин сату үшін құрылған жоқ. Қызмет көрсету саласын дамытуы керек», - деді агенттік басшысы.