Әли Бакери-Кани.
Иран 29 қарашадан бастап Венада әлем державаларының өкілдерімен Тегеранның ядролық бағдарламаларына қатысты келісім бойынша келіссөз жүргізетінін мәлімдеді.
Келіссөздерді бес айдан соң қайта жалғастыру жөнінде Еуропа Одағының үйлестірушісі Энрике Морамен телефон арқылы келісілген. Бұл туралы Твиттерде Иран СІМ басшысының орынбасары Әли Бакери-Кани хабарлады.
ЕО сыртқы байланыс қызметі таратқан мәлімдемеде Иранмен келіссөздерге Ұлыбритания, Қытай, Франция және Ресей қатысатыны айтылған.
"Заңсыз әрі аяусыз санкцияларды жоюды көздейтін келіссөздерді 29 қарашада Венада жалғастыруға келістік", - деп жазды Бакери-Кани. 2018 жылы Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасын шектеуді көздейтін келісімнен шығып, АҚШ Тегеранға санкция салған. Мұндай шешімді Дональд Трамп әкімшілігі қабылдаған.
Содан кейін Тегеран уранды байыту бойынша халықаралық келісім тәртіптерін бұзып, кәсіпорындарына озық технологиялар орната бастады.
Трамптың орнына келген Джо Байдан Вашингтонның Иранмен арадағы келісімге қосылатынын мәлімдеді. Бірақ ол үшін Тегеран келіссөз тәртіптерін толық орындауы тиіс.
Батыс елдері Иран ядролық қару жасап жатыр деп ойлайды. Тегеран мұны жоққа шығарып отыр.