07 қар, 2021 сағат 11:58

Ирактың премьер-министріне дрон арқылы қастандық жасалды


Сенбіден жексенбіге қараған түні Ирак премьер-министрі Мустафа аль-Кадимидің резиденциясына жарылғыш заты бар дрон шабуылдаған. Бұл туралы Ирак әскеріне сілтеме жасап ВВС жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми дереккөздің мәліметінше, премьер-министр зардап шеккен жоқ. 

Ирак әскерилері премьердің Бағдаттағы «жасыл аймақтағы» резиденциясына пилотсыз дрон арқылы қастандық жасалғанын жеткізді. 

Аль-Кадимидің ресми Twitter-аккаунтында оның аман-сау екені жазылған. 

«Аллаға шүкір, аман-саумын. Барлығын Ирак үшін сабырлық пен тыныштыққа шақырамын», - делінген постингте. 

Шафак Ирак агенттігінің хабарлауынша, қастандық кезінде премьердің үш күзетшісі зардап шеккен. 

Қатаң күзетілетін Бағдаттың «жасыл аймағында» үкіметтік мекемелер мен шетелдік елшіліктер орналасқан. «Жасыл аймақта» тұратын дипломаттар Reuters агенттігіне жарылыс пен оқ атылған дауысты естігенін айтқан.