Бүгінде елімізде интернет арқылы сауда жасау жақсы жолға қойылған. Яғни үйде отырып кез келген тауарға тапсырыс беріп, сатып алу мүмкіндігі бар. Осы орайда тұтынушылардың құқығы қалай қорғалып жатыр. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тауарды интернер арқылы сатып алу қашықтан жасалатын сауда түріне жатады. Қашықтан жасалатын сауда барысы заңмен қадағаланады. Сонымен қатар сауда министрлігінде ішкі сауда ережесі деген нормативтік акт бар. Онда электронды сауданы реттеуге қатысты барлық жайттар анық жазылған. Ендігі уақытта сол нормативтік акт ережесін «Тұтынушылардың құқығын қорғау» туралы салалық заңға енгізуді жоспарлап отырмыз. Себебі сауда министрлігінде интернет саудаға қатысты осындай бұйрықтың барын екінің бірі біле бермейді», - деді Серік Құсайынов БАҚ өкілдерімен кездесу барысында.
Оның айтуынша, интернет арқылы сауда жасаудағы бар кедергілерді жою керек.
«Интернет арқылы сауда жасайтын тұтынушылардың құқығын қорғау үшін біз заңға тиісті өзгеріс енгізуді қалаймыз. Бұрын интернет саудасы аса дамыған емес. Пандемия басталған соң барлығы онлайнға көше бастады», - дейді ол.