14 там, 2023 сағат 18:37

Интернет-дүкен арқылы есірткі сатуды ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді

Фото: Polisia.kz

Павлодар облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде есірткіні интернет-дүкен арқылы өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жедел-тергеу топтары Павлодар және Екібастұз қалаларының аумағында бір уақытта арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен осы қылмыстық бизнеске қатысушыларды ұстаған.

"Жедел уәкілдер Telegram қосымшасындағы интернет-дүкен арқылы марихуананы сатуды жолға қойған ұйымдастырушыны және тағы да басқа төрт адамды құрықтады. Олардың қатарында бухгалтер, интернет-дүкеннің әкімшісі, буып-түюші мен жасырып кетуші бар.

Төрт мекенжай бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде тоғыз келіден астам марихуана, сатылымға дайын есірткі, буып-түюге және қолдануға арналған түрлі құрылғылар, қылмыстық бизнеске қатысы барын растайтын техника мен ұялы телефондар, сондай-ақ интернет-дүкеннің қаражат айналымының жазбалары табылып, тәркіленді.

Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды" - делінген хабарламада.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. 

Ведомство мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғау жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасалған бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.