«Қазпошта» АҚ «Info day» атауымен сервистік модельде іске асырылған жобаларын таныстырды.
«Astana Hub» технопаркінде өткен панельдік пікірталасқа «Documentolog», «Adrome automation», «Инфо-Медиа», «Arta Software» және «Kazakhtelecom Industrial Enterprises Services», «Four Banking Solutions» кәсіпорындары басшылары мен басқа да компания серіктестері қатысты. Жиын барысында франшиза схемасы бойынша ынтымақтастық мәселелері туралы кеңірек сөз болды.
«Бүгінде еліміз бойынша, «Қазпошта» қызметін жүзеге асырып отырған 23 мың қызметкер және 3,5 мың кеңсеміз бар. Бірнеше жыл бұрын «Қазпошта» қызметкерлерінің тек 2 мыңға жуық жұмыс орны компьютермен жабдықталған болатын. Ал бүгінде сервис үлгісі арқасында барлық шалғайдағы ауылдардағы пошта бөлімшелері де компьютермен жабдықталды. Біз «Қазпошта» қызметтерін барынша жеңілдету үшін IT-саласындағы барлық жаңа инновацияларды енгізуге тырысамыз. Жаңа инновациялық қызметтерді жүзеге асыру арқылы қазақстандықтардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қосамыз», - дейді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.
«Қазпошта» бүгінде «экспресс пошта» қызметін сәтті жүзеге асырып келеді. Нақтырақ айтсақ, енді сәлемдемелер бір қаладан екінші қалаға бір күн ішінде жеткізілетін болады. Сондай-ақ, Сәкен Сәрсенов «Қазпошта» қызметкерінің қатысуынсыз, автоматты машиналар арқылы қызмет көрсететін цифрлық кеңселердің қызмет көрсететінін атап өтті.
Іске қосылған тағы бір қызмет түрі – әмбебап агент. Ол үшін ауылдық жерлерге арнайы техникалық жабдықтар орнатылады. Сәйкесінше, бұл ауыл тұрғындарына ХҚКО, медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері, жұмыспен қамту орталығы секілді әртүрлі жұмыс орындарына қатысты қызмет түрлерін қашықтан алуға жағдай туғызады.
Сонымен қатар, банк карточкасын тұтынушыларға қаржы қызметтері үшін «Salem Online» (карточкадан картаға ауысу), «Salem Mobile» (QR кодтары арқылы төлеу) қызметтері, кез келген заңды және жеке қызметтерге веб-сайтыңыздағы төлемдерді анықтауға және қабылдауға мүмкіндік беретін қызмет түрлері енгізілген. Сондай-ақ, «PayPost» онлайн-сатып алу интернет-дүкен иелеріне кез-келген банктің банк карталарынан төлемдерді қабылдауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді, қызмет көрсету салаларын цифрландыру науқаны белсенді жүзеге асуда.