15 нау, 2022 сағат 11:25

Инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеу қажет - Смайылов


Инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргідей күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету – аса маңызды міндет. Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда. Сондай-ақ, Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге осы құжаттардағы іс-шаралардың сапалы және тиімді орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуі тиістігін, ол үшін қажетті механизмдердің барлығы бар екендігін баса айтты.

«Сондай-ақ нарықтағы құбылмалы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірге инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеуі қажет. Қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор. Индустрия, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен әкімдіктер бұл жұмысты айрықша бақылауда ұстауы қажет», - деді Премьер-Министр.