Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты инфляция айтарлықтай өскен. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Инфляция геосаяси жағдайға байланысты айтарлықтай өсті. Бүгінде әлемде және елімізде бағалардың өсуі және инфляциялық қысымның артқанын байқап отырмыз. Мұндай жағдайда инфляцияның жылдық өсуі 12%-ға дейін көтереледі. Себебі бағаның өсуі барлық салада байқалып отыр. Бастапқы кезде құбылмалылығы шамалы және тек орта мерзімді кезеңде ғана төмендейтін инфляцияның елеулі түрде өскенін байқаймыз. Мұны 2022 жылғы наурызда базалық инфляцияға берілген әртүрлі бағалау айғақтайды. Қазір инфляцияға қатысты болжамдар жоғары және тұрақсыз болып отыр», - деді Ғалымжан Пірматов Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені көтеру, инфляцияның өсу үрдісіне жол бермеу жолындағы қажетті шара.
«Биыл наурызда респонденттер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы халық сенімінің төмендеп, инфляциялық күтулердің біршама артқанын көрсетті. Инфляцияны сандық бағалау 2022 жылғы наурызда 11,4%-ды көрсетті. Осыған байланысты жүргізіліп отырған саясатқа және оның инфляция бойынша мәлімделген мақсатқа жету қабілетіне халықтың сенімін арттыру Ұлттық банктің басым міндеті болып қала береді. Бұл үшін ақша-кредит саясаты инфляцияны нысаналы бағдар деңгейіне дейін төмендетуге негізделуі керек», - дейді ол.