Бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Солтүстік Қазақстан облысында іске асырылатын өнеркәсіптік жобалар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында министрлік жетекшілік ететін салаларда 36 іс-шараны іске асыруға жұмылдырылған. Өнеркәсіп саласында Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 4 500 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 376,5 млрд теңгеге өңдеуші салада 20 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Биылдың өзінде шамамен 1 мың жұмыс орнын құру арқылы инвестиция көлемі 28,9 млрд теңге болатын 8 жобаны іске қосу жоспарланған. Өңірде өңірлік мамандану кеңейіп келеді. Іске асырылып жатқан жобалар есебінен ағаш өңдеу, фармацевтика, қағаз, жиһаз саласының дамуына серпін берілді. Өңірде ламинатталған фанера мен шпон өндіру бойынша жобалар іске қосылды», - деді министр.
Оның айтуынша, биыл өңірде ағаш-жоңқа жиһаз плиталарын шығару бойынша жобасы енгізіледі. Сонымен қатар, қағаз және картон өндіру бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, «Медэкспорт-Солтүстік жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дәрі-дәрмек шығаруды жоспарлап отыр.
«Өңірде сондай-ақ изотермия вагондар шығаратын Қазақстандағы жалғыз «Cool Infinity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны жұмыс істейді. Биыл кәсіпорында ауқымды қайта құру жоспарланған. Шығарылатын вагондар саны жылына 300-ден 1 400 дейін 4 есеге өседі. Өнімнің басым бөлігі Ресей мен ТМД елдеріне экспортталатын болады. Солтүстік Қазақстан облысында 1-ші трансформатор зауытының құрылысы аяқталуда. Бұл компанияның өнімдері экспортқа шығаруға бағытталған», - деді Б. Атамқұлов.
Оның сөзіне қарағанда, READY-BUILT FACTORY қағидаты бойынша тоқтап тұрған объектілер базасында жаңа өндірістік алаңдар салу 450 жұмыс орнын құрумен 21,6 млрд теңге сомасына 4 жобаны іске қосуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Толық қуатқа шыққан кезде жобалардың жыл сайынғы өндіріс көлемі 25,5 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 30 млрд теңге сомасына жыл сайын 300 техника шығарумен ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бойынша жобаны іске қосу жоспарланған.
«Іске асырылып жатқан жоғары технологиялық жобалар жастар үшін және жалпы Солтүстік өңірдің тұрғындары үшін сапалы, тұрақты жұмыс орындарын сақтауға әрі құруға, сондай-ақ облыс халқының көші-қон ағынын одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды.