ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов автокөлікке арналған утиль алым бойынша әдістемені қайта қарауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Утиль алымның нормалары 2015 жылы қабылданғанына тоқталған министр, содан бері оның ережелері қарастырылмағанын айтты. Қазіргі кезде бұл мәселе өте өзекті болып тұр және әлеуметтік желілерде де көтеріліп жатыр.
«Бұл мәселе белсенді түрде көтеріліп жатыр. 2015 жылы қамтылған есептеу әдістемесін қарау керек. Осы уақыт ішінде валюта бағамының айырмашылығы да, девальвациялық процестер де болды. Бүгінде утиль алымының параметрлері әлі де өзгермеді», - деді Атамқұлов Парламент Мәжілісінде тілшілердің сауалына жауап бере отырып.
Оның пайымынша, утиль алымы өз нарығымызды қорғау мен машина жасауды дамыту үшін керек.
«Қазіргі кезде түрлі пікірлер айтылып жатыр. Уақыт өте келе, мұнай мен шикізат көлемі сарқылатыны түсінікті. Шикізатты сатып, жаңа жұмыс орындары мен жоғары технологиялық орындарды құрмастан, импорт өнімдерді ала беріп жүре алмаймыз. Осы орайда қайта өңдеуге мән беруіміз керек. Мұның барлығы алғашқы қадамнан басталады», - деді Атамқұлов.