26 сәу, 2022 сағат 14:55

Индустрия министрі БҚО жолдарын 2023 жылға дейін жөндеп бітіруге уәде берді


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Батыс Қазақстан облысының жолдарын 2023 жылы дейін жөндеп бітіруге уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы бұл жолдарды биыл қолданысқа беруді тапсырған болатын. Өйткені бұл адамдардың өмірімен тікелей байланысты. Өкінішке қарай, мұның обьективті де, субьективті де себептері бар. Бірінші кезеңде қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болды. Бұл жөндеу жұмыстарын тұтас жұмылдырып ұйымдастыруға мүмкіндік бермеді. Бірақ бұл бізді, осы іске байланысы бар жауапты қызметкерлерді жауапкершіліктен босатпайды. Жолдар қайткен күнде де салынып бітеді», - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Сондай-ақ, ол бұл өңірдегі жол жөндеу жұмыстары толық атқарылғанша министрлік пен «ҚазАвтоЖол» мамандары Батыс Қазақстанда тұрып жұмыс істейтінін еске салды.

«Олардың ішінде «ҚазАвтоЖол» кәсіпорны төрағасының орынбасарлары мен министрлік мамандары бар. Олар бұл бағытта биылға жоспарланған жұмыстар толық аяқталғанша сонда болады.

Кеше мен мердігерлерді жинап, кесте құрдық. Жөндеу жұмыстарын барынша жылдамдатуды тапсырдым. Батыс Қазақстанда жол құрылысына қажетті қиыршық тас пен инертті матреиалдар жоқ. Не Ақтөбе облысынан, не Ресей Федерациясынан әкелу керек. Негізі мердігерлер тендерге қатысар кезде бұл сияқты логистикалық мәселелердің бәрін алдын ала пысықтау керек болған. Қазір «ҚТЖ»-ны шақырдық. Олар барынша көмек көрсетіп жатыр. Негізгі міндет мердігерлердің мойнында. Өйткені қажетті қаражат дер кезінде бөлінген болатын. Биыл жолды ашсақ, келесі жылы тұтас жұмысты тәмамдаймыз», - деді министр.