04 сәу, 2022 сағат 14:20

Импортталған асыл тұқымды мал басымен бірге елге түрлі аурулар келді - депутат


Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ерлан Барлыбаев ауыл шаруашылығы малдары арасында арулардың таралуы өскенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Бұл ретте ветеринария жүйесіндегі құрылымдық өзгерістердің маңыздылығы туралы айта отырып, оның ағымдағы жай-күйін қолайлы деп сипаттауға болмайтынын атап өткен жөн. Мұның басты себебі – ол бір кездері бірыңғай ветеринария жүйесінің бытыраңқылығына, ветеринариялық инспекцияның қатаң вертикалінің бұзылуына, оның қадағалау функционалының әлсіреуіне алып келген соңғы жылдардағы реформалар. Ветеринария бойынша іс жүзінде барлық қызметтер әкімдіктердің қарамағына берілді. Алайда, жергілікті жерлердегі ветеринариялық іс-шаралар негізінен бөлінген бюджет қаражаты есебінен профилактика жүргізумен шектеледі. Бүгінгі таңда инспекторлар жұқпалы емес аурулар туралы есеп үшін іс жүзінде жауапқа тартылмайды. Жануарлардың денсаулығын бақылау үшін ешкім қан биохимиясын жүргізбейді. Бірақ бұл қолайлы эпизоотиялық жағдай жасаудың негізі болып саналады», - деді Барлыбаев. 

Оның айтуынша, соңғы жылдары адамдарға берілетін жануарлардың жіті және созылмалы жұқпалы ауруларының өсуі байқалды. 

«Барлық жерде құтыру және бруцеллез ауруларының өршуі байқалады, осы аурулармен күресте оң динамика жоқ. Мысалы, 2020-2021 жылдары бруцеллез ауруының саны 2% пайызға өсті. Сонымен қатар, сібір жарасы сияқты аурулар 6 есе, лептоспироз - 5 есе, анаэробты энтеротоксемия – 5 есе, вирустық диарея және инфекциялық ринотрахит – 113% пайызға өсті», - деді депутат. 

Оның сөзіне қарағанда, импорттық асыл тұқымды мал басын әкелу жөніндегі бағдарламаларды іске асыру да көптеген проблемаларды тудырды. Олармен, елге инфекциялық ринотрахеит, блютанг, нодулярлық дерматит, Шмаленберг ауруы және вирустық диарея сияқты аурулар әкелінді. 

«Жануарлардың жұқпалы аурулары, олардың өлімі және мәжбүрлі сою, аурулардың салдарынан өнімділіктің төмендеуі, вакцинациялау және емдеу шығындары, сондай-ақ карантиндік шаралар фермерлерге ғана емес, сонымен қатар елдің жағдайына тікелей экономикалық зиян келтіреді. Соның ішінде саланың экспорттық әлеуетінің төмендеуіне әсер етеді», - деді Ерлан Барлыбаев.