02 қар, 2021 сағат 10:55

Илон Масктың дәулеті 300 миллиард доллардан асты


SpaceX және Tesla жоғары технологиялы компанияларда үлесі бар Илон Маск әлемдегі ең бай адамға айналды. Оның дәулеті 300 миллиард доллардан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Business Today-ға сілтеме жасап.

Forbes және Bloomberg Billionaires Index (BBI) рейтингтері бойынша, американдық Tesla электромобильдерін шығарушы компания акцияларының күрт өсімінің арқасында Масктың дәулеті бір күннің ішінде 17,1 миллиард долларға артып, 315 миллиард долларға жеткен. Өз кезегінде Bloomberg агенттігі Масктың дәулетін 335 миллиард долларға бағалап отыр. 

Сондай-ақ ең бай адамдар «үштігіне» Amazon негізін қалаушы Джефф Безос (193,2 миллиард доллар) және дәулеті 190,8 миллиард долларға бағаланып отырған Францияның LVMH компаниялар тобының бас директоры Бернар Арно кірді.

Еске сала кетсек, қазан айының соңында Маск адамзат тарихында ең бай адам аталған, ал оның дәулеті 270 миллиард долларға жетті.