Жыл басынан бері Жетісу жұрты Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына қызу кірісіп кетті. Күні кеше Талдықорған қаласында ақын ұрпақтары, шығармашылық қауым өкілдері жиналып, үлкен ас берілді. Сол игілікті істердің жалғасындай, өткен аптада Ақсу аудандық Молықбай атындағы Мәдениет үйінде мектеп оқушылары арасындағы ХІІ республикалық Ілияс оқулары өте жоғары деңгейде өтіп, жұрттың ықыласына бөленді.
Аталмыш бәсекеге 13 облыс пен қаладан 24 үміткер қатысты. Олар алдымен Ілияс өскен ортаның көркем табиғатын тамашалап, көңілдеріне көп ой түйді. Шараның ашылу салтанаты Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов пен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен аудандық Молықбай атындағы Мәдениет үйінде өтті. Салтанатты басқосуда алғашқы сөз кезегін алған өңір басшысы:
– «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп соңғыларға үлкен ұлағатты сөз қалдырған Ілияс атамыздың шығармашылық, тұлғалық қарым-қабілетін үлгі ету Мәңгілік Ел болудың жолында еңбек етіп жатқан біздер үшін үлкен үлгі. Биылғы байқау Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы тапсырмаларды орындау негізінде қолға алынды. Мені ең алдымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген, Ілияс атамыздың мұрасын құнттап жүрген жастардың көп екендігі қуантты. Әрине республикалық деңгейдегі байқаудың аудан орталығында өтуі де жауапты жұмыс. Сол үшін үміткерлердің үмітін үкілеу мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасадық. Байқау барысында бәріңнің баптарың мен бақтарыңның тең түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінулеріңе сәттілік тілеймін, – деді.
Осыдан кейін шараның шымылдығын Ақсу аудандық өнер мектебінің шәкірттері ашты. Өнерпаз жастарды тәрбиелеуде үлкен нәтижелерге жетіп, халықаралық, республикалық деңгейдегі жеңімпаздарды жетілдіріп жүрген оқу орнының шәкірттері барын салды. Ән айтылды, би биленді, күй шертілді. Ең бастысы, балғындардың тақылдаған дауысы, тартымды еркін де ерке қылықтары көпшілікті тәнті етті. Осындай жоғары көңіл-күймен басталған бәсеке төрт кезеңнен тұрды. Алдымен үміткерлер Ілиястың өзі таңдаған бір туындысын мәнерлеп оқып шықты, сосын қатысушы Ілияс ақынға арнауын көптің назарына ұсынды, келесі кезекте Ілиястың драматургиялық шығармаларынан көрініс көрсетілді. Соңында әділқазылар әр қатысушы алдын ала қаламгер шығармашылығы туралы жазған жеке шығармашылығын жалықпай оқып, әрбірін белгіленген шарт бойынша бағалап шықты.
Бір айта кетерлігі, бұл реткі байқауда әр қатысушы бүркеншік ат қолданды және бағалаушылардың қойған балы үлкен экран арқылы көпшілік назарына ұсынылып отырды. Ашықтық болғандықтан жүлдегерді анықтауда бұра тартар өрескел жағдай орын алған жоқ. Нәтижесінде Ақсу ауданы, Ж.Сыдықов атындағы орта мектеп оқушысы Әлібек Бегімбекұлы бас жүлдені қанжығасына байлап, өңір әкімі атынан тағайындалған 500 мың теңге арнайы жүлдені жеңіп алды.
«Өскенді жердің баласы өрелі келеді». Әділбек көпшіліктің көзінше өзіне тиесілі қаражаты Ілияс Жансүгіров атындағы қорға ұсынатынын жеткізді. Бірінші орынды Ақмола облысы, Көкшетау қаласынан Ернұр Балмашек, екінші орынға Маңғыстау облысынан Жарас Жүсіпов пен Шымкент қаласынынан Аружан Нұрадин лайықты деп танылды. Ал үшінші орынды Шымкент, Алматы, Талдықорған қаласының оқушылары қанжығасына байлады.
Қажет АНДАС