22 қаз, 2021 сағат 00:04

"Іліп қояды деп ойладым": Назарбаев Клинтонға жасаған сыйлығын еске алды



Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонға берген сыйлығы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


"Штрихи к портрету" деректі фильмінің кезекті бөлімінде журналист Назарбаевтан мемлекет басшыларының қандай сыйлығы есте қалғанын сұрады.


Елбасы АҚШ-тың экс-президенті Билл Клинтонға не сыйлағанын еске алды.


"Батыс елдері сыйлықпен әуестенбейді. Мен тәжірибе жоқтығынан Клинтонға өз портреті салынған шағын кілем апардым. Оны Алматы фабрикасы жасап шығарды. Ол кілемді іліп қойып, өзіне қарап отырады деп ойлаған едім. Біз ол сыйлықты тапсырдық. Кейін кездесуге барсам, қабылдау бөлмесінде хатшы аяқ киімінің өкшесімен оның мұрнын басып тұр. Ол оны қабылдау бөлмесіне төсеген екен", - деді Назарбаев.


Айтуынша, посткеңестік республикалар сыйлыққа қызығады.


"Гурбангулы Бердымұхамедов (Түрікменстан президенті) Ақалтеке жылқысын тарту етті. Жақсы сыйлық. Өзбек халаттарын немесе бұйымдарды сыйлап жатады. Қырғыздар да жылқы сыйлайды. Біз де барымызды береміз. Бізде осылай қабылданған", - деді Елбасы.