11 шіл, 2022 сағат 15:30

«Іле-Балқаш» резерватына бұқар бұғылары жіберілді


Мемлекеттік табиғи резерватқа төртінші рет бұқар бұғылары жіберілді. Бұл жолы Қарашеңгел аңшылық шаруашылығынан «Іле-Балқашқа» 61 бұғы әкелінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұқар бұғысының Оңтүстік Балқаш маңына оралуы – жолбарысты жерсіндіру бағдарламасының маңызы кезеңі. Осыдан 4 жыл бұрын резерват аумағына 5 бұғы жіберілген болатын. Бүгінде олардың саны 150-ге жетті», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Бұқар бұғыларының Балқаш ауданына оралуы, жолбарысты Қазақстанға жерсіндіру бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Бұл жобаны министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежізілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлесіп, БҰҰДБ қолдауымен жүзеге асырып келеді. 

«Іле-Балқаш» табиғи резерватына бұғылар жіберу жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бұл осымен төртінші рет жүзеге асырылып жатса да, біз Оңтүстік Балқаш өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның жабайы табиғаты үшін де бірегей оқиғаны асыға күтеміз», - деді Дүниежізілік жабайы табиғат қоры (WWF) Орталық Азия бағдарламалар директоры Григорий Мазманянц.

Жануарлардың еркіндіктегі қозғалысын бақылау мақсатында, олардың жіберілген аумағына 6 фототұзақ орнатылды. Сондай-ақ, үш бұғыға GPS орнатылған қарғыбау тағылды. Бұл құрылғының жануарларға еш зияны жоқ. 

Айа кетсек, бұқар бұғысы Алматы облысы Балқаш ауданында көп болған. Алайда, ХХ ғасырдың басында жойылып кетті. Қазақстанның ғана емес, халықаралық Қызыл кітапқа да енгізілді. БҰҰ Конвенциясы аясында қорғалады. Бүгінде оның әлемдегі популяциясы 4 мыңнан асады.