09 қаз, 2024 сағат 18:11

Іле ауданының әкімі жемқорлық үшін әшкереленді

Фото: pexels.com

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс прокуратурасымен бірлесіп бірқатар ауыр жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін Іле ауданының әкімін әшкереледі. Бұл туралы Антикорға сілтеме жасаған Ult.kz хабарлайды.

Ол өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз аффилиирленген компанияға қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқару құқығын беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар, ол полигонды сенімгерлік басқару мерзімін заңсыз ұзарту арқылы өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша күдікті.

Қылмыстық схемаға аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары тартылған.

"Айта кету керек, компанияның қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған, ал оның қызметінен түскен табыс оны жеке байытуға бағытталған.
Өңір экологиясына құқыққа қайшы әрекеттерінің нәтижесінде 204 млн теңге көлемінде залал келтірілді", - делінген хабарда.


Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.