09 там, 2019 сағат 10:01

Іле Алатау ұлттық табиғи паркі автоматтандырылған жүйеге көшеді


«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің бақылау-өткізу бекеті электронды форматқа көшеді.

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев бұған дейін демалыс орнындағы қолма-қол төлем жасау жүйесін толықтай электронды форматқа ауыстыру қажеттігін айтқан болатын. 

Бүгінде экологиялық бекетте 10 инспектор жұмыс істейді. Олар демалыс орнына келуші қала қонақтарымен қолма-қол төлем арқылы есептеседі. Ендігіде бұл жұмыс процессі автоматтандырылған жүйенің көмегімен орындалады.  

Демалушылар туристік саяхат жолын таңдаса, 452 теңге 50 тиын төлейді. Егер кафе, мейрамхана, тау-спадан қайтатын болса, 252 тиын 50 тиын көлемінде қолма-қол төлем жасайды. Сол себепті билет алу кезінде демалушыдан қайда баратындығы алдын-ала сұралады екен. Бұл туралы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Қайыржан Жылқыбаев айтып берді.

Қазіргі таңда экологиялық бекетте екі терминал орнатылған. Олар алдағы уақытта толықтай іске қосылады. Одан бөлек, «Оңай» төлем карталары арқылы төлеу мүмкіндігі де қолға алынбақ. Бұл көлеңкелі ақша аударымдарының алдын алуға өз септігін тигізеді.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Тілек Әділжанов паркке кіру төлемін электрондық жүйеге көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтады.

Айта кетсек, өткен жылы тау бөктеріне демалуға келген халықтың саны 120 мыңға жеткен. Олар арнайы демалыс орнына кіргені үшін бекеттегі бақылаушыларға 52 млн теңге көлемінде қолма-қол төлем жасаған. Сондай-ақ демалыс орнына жұмыс күндері 200 демалушы келсе, сенбі мен жексенбі күндері олардың қатары 6 есеге арттады. Мұндай жағдайда тексеру бекетінде ұзын-сонар кезекке тұру көрінісі жиі кезедеседі.

Тексеру бекеті толықтай электронды форматқа ауысқан кезде демалыс аймағына кіруде кезек күту және уақыт жоғалту мәселелері азаяды.