Қаңтар-наурыз айлары аралығында 16 837 Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алды. Олардың көбі Қызылорда облысында тұрақтаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Биыл қаңтардан наурызға дейін Ресейдің 16 837 азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алды. Ресейліктердің дені Қызылорда облысына келді. Сондай-ақ, Алматыға – 2 116, БҚО – 1 677 және Қостанай облысына 1 525 ресейлік орналасты», - делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ресей Федерациясы азаматтарының негізгі бөлігі (8217) еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген.
Сондай-ақ, 24 ақпан мен 13 сәуір аралығында Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға 677 өтініш қабылданған.
Бұған дейін 170-ке жуық Ресей азаматы Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірген, сондай-ақ, тұруға рұқсат сұраған ресейліктер саны артқаны хабарланған еді.