01 қар, 2019 сағат 10:49

ІІМ марихуананы заңдастыру туралы: Кез келген нашақор есірткіні жеңіл түрінен бастайды

Қазақстан кез келген мөлшердегі марихуаннаны заңдастыруды қарастырып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Тілеген Маткенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақстан кез келген мөлшердегі марихуаннаны заңдастыруды ойлап отырған жоқ. Біздің Шу аңғарында өсетін жабайы марихуаннаның канабистік құрамы – 5 пайыз ғана. Нидерландыда мәселен, канабистік құрам 15-17 пайызға дейін болады», - деді ол ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

 

Департамент бастығының айтуынша, кез келген нашақор кезінде есірткінің жеңіл түрінен бастаған.

«Марихуананы заңдастыра бастаған мемлекеттердің бәрі басқа проблемамен бетпе-бет келуде, енді оларда героиннің орнын метадон (қанға ине арқылы енгізілмей, жұтыла салатын синтетикалық есірткі) басып бара жатыр. Яғни, белгілі бір есірткіні қабылдап жүрген нашақорлар есірткінің ауыр түрін, яғни героинді іздеп, көшеге шығып кеткен. Есірткінің ауыр түрінен бастап кеткен бірде-бір нашақор жоқ. Бәрі де жеңіл түрін татып көруден басталады», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Тілеген Маткенов есірткімен айналысқан 5 қылмыстық топтың әрекетіне шектеу қойылғанын айтқан еді.