Фото: Polisia.kz
Қазақстанда кәмелетке толмағандарды есірткі айналымына тарту фактілері көбейіп барады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып келеді. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасындағы алдын алу шараларына ерекше назар аударылуда.
Министрлік мәліметінше, биылдың өзінде 17 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шара ұйымдастырылып, 2 миллионнан астам жасөспірім мен жастар қамтылған.
Дегенмен қабылданып жатқан шараларға қарамастан, есірткі тасымалы мен сақтауға тартылған кәмелетке толмағандардың саны өсіп отыр.
Мысалы:
-
Абай облысында колледждің бірінші курс студенті, кәмелетке толмаған қыз психотроптық заттарды аса ірі көлемде сақтағаны үшін ұсталды. Тінту кезінде одан 16 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді.
-
Шығыс Қазақстан облысында тағы бір жасөспірім ұсталды. Ол Алматыдан Өскеменге барып, интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды жеткізуші ретінде жұмыс істеген. Ұстау кезінде одан 3 грамм α-PVP синтетикалық есірткі алынған.
Бүгінгі таңда республика бойынша есірткі қылмысына тартылған 60-тан астам жасөспірім ұсталды.
ІІМ ата-аналарды балаларының кіммен араласатынын, қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатынын бақылауға шақырды. Себебі кейбір интернет-ресурстар “қашықтан жұмыс” немесе “жеңіл табыс” түрінде жарнамаланып, шын мәнінде заңсыз әрекеттерге итермелейді.
Министрлік еске салады:
-
есірткі және психотроптық заттарды сатқандарға қылмыстық жауапкершілік, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған;
-
ал кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық әрекеттері ата-аналардың салғырттығынан туындаса, ата-аналық жауапкершілікті қатаңдату жоспарлануда.
ІІМ «Заң мен тәртіп» қағидасын дәйекті түрде жүзеге асырып, азаматтардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.
