14 шіл, 2023 сағат 10:14

ІІМ "Дикий Арман" тобын ұстау үшін үш арнайы операция жүргізді

Фото: Polisia.kz

ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның үйлестіруімен жетекшісі "қаңтар оқиғасына" белсенді қатысқан Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) болып табылатын ұйымдасқан қылмыстық топты әшкерелеуге және жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен негізгі қатысушылары қамауға алынғанына қарамастан, оның басқа мүшелері адвокаттардың қызметтерін қаржыландыра отырып, құқыққа қарсы қызметпен айналысуын жалғастырып отыр. Атап айтқанда, тергеу процесінің қатысушыларына бұқаралық ақпарат құралдары және интернет желісі арқылы қысым көрсетіп жатыр.

Әзірленген жоспарға сәйкес аталған топтың қылмыстық әрекеті жолын кесу үш кезеңде жүргізілген.

"Бірінші кезең халықаралық іздеуде жүрген, қылмыстық ортада "Нойс" деген лақап атымен белгілі Жұмагелдиевтің "оң қолы" басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі криминалдық буынын жоюға бағытталды", - делінген хабарламада.

Мәселен, 19 сәуірде Алматы қаласының, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аумағында ауыр қылмыстарды жасауға, оның ішінде 2018 жылы Алматыда орын алған адам өлтіруге оқталуға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 мүшесі ұсталған.

Екінші кезеңде криминалдық ортада "Карась" лақап атымен белгілі "Дикий Арманның" тағы бір көмекшісі бақылайтын ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыру арнасы жойылған. 25-26 сәуір аралығында Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында 130-дан астам тінту жүргізіліп, заңсыз ойын бизнесіне және аталған ұйымдасқан қылмыстық топты қаржыландыруға қатысы бар 53 фигурант ұсталған.

"Осы жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және оны басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Мамырда қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 266-бабымен қосымша соталды тергеп-тексеру басталды", - делінген хабарламада.

12 шілдеде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен бірлесе отырып, операцияның үшінші кезеңін іске асырған.

Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай және Түркістан қалаларында "қаңтар оқиғасы" кезінде Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан 18 фигурантты ұстаған. 36 тінту іс-шарасы жүргізіліп, бірнеше шолақ қару, тапаншалар, пышақтар, кастет, діни әдебиет, сондай-ақ тәртіпсіздікке қатысқан күдіктілердің киімдері тәркіленген.

"Осы бағыттағы жедел іс-шаралар жалғасуда. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.


видео: Polisia.kz