Қазіргі уақытта Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Алайда жарылыс қаупі әлі де сақталып отыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«25 маусым күні сағат 12:00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыс тіркеліп жатқан жоқ. Ішкі істер министрлігінің күштері мен техникалары – 1200-ден аса адам мен 180-ден астам техника оқиға орнында қалды. Кеше және бүгін түнде тұрғын үй секторындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді» - деді Ильин брифингте.
Айтуынша, кешеден бері 45 өрт ауыздықталған: оның 21-і – тұрғын үйлерде, 9-ы – шаруашылық нысандары мен 15-і – дала өрті.
«Жарылыс қаупі әлі де сақталып отыр. Бірақ оның ауқымы бірінші күндегідей болмайды деп ойлаймын» - деді ол.
Түркістан облысының полиция департаменті мен Ұлттық ұлан бөлімшелерінің күштері қала ішін патрульдеуге кірісті.