Кешеден бері елордада өтіп жатқан «ASTANA FINANCE DAYS 2022» конференциясының екінші күніндегі панельдік сессияда Huawei компаниясының Еуразиядағы президенті Дэниел Чжоу мен «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясының бас директоры Чжао Сюй экономиканы цифрландыру және 5G технологиясын Қазақстанға әкелу мүмкіндіктері туралы пайымын ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференцияның екінші күніндегі пленарлық мәжілісі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнебайланыс арқылы жолдаған лебізімен басталды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде елдегі саяси реформаларға тоқталып, Жаңа Қазақстанның күн тәртібінде экономиканы цифрландыру маңызды мәселе ретінде қойылып отырғанын атап өтті.
Ал Huawei атынан сөз алған Дэниел Чжоу былтыр қыркүйек айында ҚР Президентіне Қазақстан аумағында «цифрлық хаб» салу ұсынылғанын еске салды.
«Бір жыл зерттегеннен кейін мен «цифрлық хаб» деген тек атауы ғана болмауы керек деген ой түйдім. Бұл елдегі цифрлық экономиканы дамытатын нысанға айналуы керек. Көп адамның ойына цифрлық экономиканы дамыту дегенде электронды сауда келеді. Көбі электронды сауда дамыған ел ретінде Қытайды мысалға келтіреді. Бірақ ондағы 1,4 миллиард халықтың тек 0,1 миллиарды ғана онлайн сауда платформаларына қол жеткізе алады. Бөлшек сауданың 50 пайыздан астамы бүгінде электронды саудаға көшкен», - деген компания өкілі Alibaba, Intenson сияқты компаниялардың табысты тәжірибесіне тоқталды.«Цифрлық экономиканың артықшылықтарын айтқанда шалғай өлкедегі шаруа өнімін, өсірген көкөнісін интернет арқылы оңай сата алатынын жиі сөз етеді. Біз кейде әуелі оқшаудағы аймаққа, тауда жатқан елді мекенге интернет желісін тарту керектігін ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан да біз цифрлық хаб қалыптастыруға кеңес беріп жүрміз. Ол үшін ең әуелі өзара байланысты жолға қою керек», - деді Дэниел Чжоу.
Айтуынша, Huawei компаниясы 170-тен астам елде жұмыс істеп тұр.
«Экономика дамыған сайын интернет желісіне, оның ауқымын кеңейтуге сұраныс артады. Көптеген елдер оны алдын ала жолға қойып тастайды. Соның арқасында Сингапур, Корея, Қытай сияқты елдер цифрлық экономикадағы тенденцияларды өте жылдам игеріп әкетеді. Бүгінде Қазақстандағы сымды интернет желісі халықтың 35-40 пайызын ғана қамтып тұр. Бұл шын мәнінде Еуразиядағы орташа статистикалық көрсеткіштен әлдеқайда алыс. Яғни, осы процесті қуып жетуге болады, оған мүмкіндік бар», - деді Huawei компаниясының Еуразиядағы президенті.
Оның сөзіне қарағанда, Huawei өзінің технологиялық жетістіктерін бүкіл Каспий аумағына таратуға ынталы.
«Өзара байланыс тұрғысынан айтсақ, Каспий оптикалық кабелінің мүмкіндігі зор. Егер Каспий арқылы осы өңірдің өзге де елдерімен бірге оптикалық талшық тарта алсақ, Қазақстанның өзге елдермен, тіпті бүкіл әлеммен сенімді әрі сапалы байланыс орнатуына мүмкіндік жасайтын едік. Қазақстанда терген нөмірге қоңырау шалудың жылдамдығы секундына 35 бит болады. Бұл бүкіл әлемде шамамен 17-18 орын деген сөз. Осы тұста да цифрлық экономиканы дамытудың игерілмей жатқан мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Аталған жылдамдықты секундына 70 Мегабитке дейін жеткізуге болады», - деген сарапшы бұл істе адам капиталын дамытудың басты орынға шығатынын ескертті. «Цифрлық хабтың тағы бір түрі – «бұлтты» хаб. Электронды үкіметтің қазіргі жұмысы осыған негізделген. Бұл жерде Үкімет жұмысының тиімділігі мен қауіпсіздігі маңызды. Көптеген елдер қазір ұлттық деректерді қалыптастыруды бастады. Деректердің «бұлтты» орталықтары туралы айтқанда көп адам деректерді жинау туралы ойлап жатады. Кез келген технология, кез келген заманауи шешім қабілетті адамдар болғанда ғана өміршең. Осы тұрғыдан алсақ, дарындыларға арналған хаб керек. Елдеріңіз әлемнің әр шетінен компьютер «генийлерін» әкелу саясатын таңдап алған. Ресей-Украина кикілжіңінен кейін шетелден, соның ішінде солтүстіктен келетін ақпараттық-коммуникациялық технология саласында білікті мамандардың көбейгенін көріп отырмыз. Біз бұл істе де көп шаруа тындыра аламыз», - деді Дэниел Чжоу пленарлық отырыста.
«4IR дәуіріндегі Жаңа Қазақстан» деген тақырыппен өткен панельдік сессияға қатысқан «Huawei Technologies Kazakhstan» бас директоры Чжао Сюй компанияның 5G технологиясын алға жылжытудағы жетістіктері туралы баяндады.
«Біз бұл елге 1998 жылы келгенде сымды интернет желісін тартуға қолдау көрсеткен болатынбыз. Содан екі жылдың ішінде EDSM желісін тарта бастадық. Кейінгі 25 жылдың ішінде Қазақстанда технологияның түрлі буындары өмірге кіріккенін көрдік. Бұл жағынан да мүмкіндіктер көріп отырмыз. Біз Қазақстанға ақпараттық-коммуникациялық қызметті одан әрі көрсете отырып, цифрлық хаб құруға үлес қосқымыз келеді. Бұл бір компанияның ғана жұмысы болмауы керек. Ол жұмысты Үкімет немесе басқа қауымдастықтар басқаруы керек»,-деген компания басшысы Huawei-дің Қазақстанда жаңа технологияларды дамытуға қосқан үлесі туралы нақты статистиканы келтірді. «1998 жылдан бері біздің компания Қазақстанда ІТ-индустрияны белсенді дамытып келеді. Осынау 24 жыл ішінде біз 30 жергілікті серіктесімізбен селбесіп кеттік. Олар ондаған милиион адамға қызмет көрсетеді. 2010 жылы Қазақстан аумағындағы 14 мың георафиялық нүктеде өзіміздің жұмыс стансаларымызды, қондырғыларымызды орнатқан едік. Бүгінде Қазақстан халқы жылдам интернеттің қызметіне жүгіне алады. Әрі қарай ауылдар мен ауыл шаруашылығына арналған мекендердерге интернет тартуға күш саламыз», - деді Чжао Сюй.
Оның айтуынша, Huawei компаниясы 2018 жылы Қазақстан Үкіметімен бірге 5G технологиясын қолданудың мүмкіндіктері мен орындылығы туралы зерттеулер мен пікірталастар жүргізіп бастаған.
«Бізге 5G мен 4G технологияларын сынақтан өткізіп, қызметін таңдап алу керек болды. Бұл технологиялар өмірді өзгертіп жатыр. 5G қоғамды өзгертеді. Бүгінде 5G өмірді одан бетер жеңілдетіп, ақпарат алмасудың жылдамдығын арттырды. Қытай 5G негізінде «ақылды» қала салудан көш бастап тұр. Қазірдің өзінде Қытайда 20 қалалы мекен 5G технологиясын пайдаланады. Осыған ұқсас 1,5 мың жоба әзірленіп жатыр»,-деген компания өкілі бірнеше нақты кейсті мысалға келтірді.