Фото: parlam.kz
Соңғы күндері теңгенің құны күрт төмендеп, кейбір айырбастау орындарында доллар бағамы 500 теңгеге жетті. Доллардың құны өссе Қазақстанда тауар бағасы да өсіп, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп жатады.ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лұқбек Тұмашинов теңгенің құлдырауын бақылап отырғанын айтады.
«Шынын айтқанда ары кетіп қалмасын деп қорқып отырмыз», -деген халық қалаулысынан журналистер:
«Ұзақ жылдан бері талай инфляцияны өткізіп, құлдырап келе жатқан теңгені нығайту үшін Парламент пен Үкімет ештеңе істей алмай ма?» -деп сұрады.
Лұқбек Тұмашинов теңге алғаш қабылданған кезден бастап ұлттық валютаның қалай құбылғанын көріп келе жатқанын айтып:
«Халыққа жалақы, зейнетақы төлей алмай қалған кездер болған. Оның бәрін бастан өткізгенбіз. Мына басым неге аппақ дейсіңдер?!», -деп, депутат сұрақ қойған журналистің теңге алғаш қабылданғанда кезде тіпті дүниеде болмағанын еске салды.
«Үкімет дұрыстап жұмыс істеу керек»
«Ұлттық банк төрағасы айтып жатыр ғой, біздің алатын азық-түлігіміз, заттарымыз ТМД елдерінен келеді деп. Сондықтан бұл жерде доллардың қатынасы жоқ қой. Басқа жерден келетін, мысалы Еуропадан келетін тауарларға бар. Сондықтан қазір үкіметке дұрыстап жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Доллар өсіп барады деп сылтаурата бермей, әрекет ету керек», -дейді ол.
Ал экономиканы долларға және мұнай бағамына тәуелділіктен шығару туралы айтылғанына да көп болғанын, осы мәселе қашан шешілетінін сұраған ULT.KZ тілшісіне:
«Соның жауабын білсеңдер маған айтыңдаршы?» -деп депутат кері сұрақ қойды.
Тұмашиновтың сөзінше жұмыс істемей жатқан ешкім жоқ, бірақ қымбатшылық қысып баратынын да мойындау керек.
«Эмоцияға берілмей, Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейік»
Бірақ бұрынғы ҚР ұлттық экономика вице-министрі, қазіргі Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров теңгенің құлдырауын уақытша жағдай деп есептейді.
«Кей біреулер доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 600 теңге болады деген. Бірақ олай болған жоқ қой. Мұндай құбылуларға назар аударудың қажеті жоқ. Теңге тұрақты валюта. Эмоцияға берілмей, Қазақстанның мүддесі үшін жұмыс істейік?», -деп қайырды Әлібек Қуантыров.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕҢГЕНІ ҚҰТҚАРУ ҮШІН ШҰҒЫЛ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАМАҚ