23 қар, 2018 сағат 18:28

Ғылымды дамыту қолға алынды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан аймағында ғылымды дамыту мақсатында Қазақстан жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясы Төралқасының кеңейтілген көшпелі мәжілісі өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ХҚТУ-дің ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру бөліміне сілтеме жасап.

Айта кететін жайт, ҚР Президентінің Жарлығымен Түркістан облысының құрылуына сәйкес Қазақстан Ұлттық жаратылыстану академиясының Оңтүстік Қазақстан филиалы Түркістан филиалы болып қайта өзгертілді. Филиалдың қызметі аймақтық университеттер мен ірі ғылыми орталықтар негізінде ұйымдастырылды.

Жиынды Қазақстан Ұлттық жаратылыстану академиясының президенті Нұртай Әбіқаев ашып жүргізіп отырды. Сонымен қатар мәжіліске, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов қатысты.

Мәжілісте университет президенті Болатбек Абдрасилов, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында Түркістан облысы ғылымының дамуы мен болашағы туралы баяндама жасады. Жасалған баяндамаға қонақтар оң бағасын беріп, сұрақтар жолдады. Айтылған ұсыныс-пікірлерді қолдайтындықтарын білдіріп, бірлесе жұмыс жасау арқылы мақсатқа қол жеткізуге болатындығын айтты.

Сондай-ақ, жиын барысында ғылыми-техникалық бағдарламалар мен ғылыми ізденістер, туристік бағытты дамыту тақырыбында баяндамалар жасалып, слайд арқылы түсіндірілді.

Жиын соңында мәжіліс мүшелері Түркістан аймағында ғылымды дамытуға барынша үлес қосатын болып уағдаласты. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.