Өзбекстанның мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттігі Ташкент пен Ташкент облысында бұрынғы президенттің қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі болған бірнеше нысан сатылымға шығарылды деп хабарлады.
Аукционға шығарылған нысандар арасында Ташкент облысының Бостандық ауданында орналасқан "Сиджак" демалыс орны да бар. Жалпы аумағы 5,38 гектар болатын кешенде 730 шаршы метрлік қонақ үй, 855 шаршы метр болатын спорт алаңдары, 250 шаршы метрлік бассейндер, субұрқақ, коттедж, амфитеатр және өзге де ғимараттар бар.
2019 жылы аталған аумақ қазіргі президенттің кіші күйеу баласы Отабек Умаров басқаратын Триатлон федерациясына берілген. "Сиджакта" триатлон бойынша ұлттық құрама командасына арналған оқу-жаттықтыру базасы орналасады деп жоспарланған.
Гүлнара Каримоваға тиесілі болған "Пойтахт" бизнес орталығы, "Ичан кала" қонақ үйі және "Бельдерсай" демалыс орны да аукционға шығарылған.