15 қаз, 2021 сағат 09:36

Грузияда мыңдаған адам Саакашвилиді қолдап көшеге шықты


Тбилисиде мыңдаған адам Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилиді қолдап, көшеге шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Қазан айының басында полиция оны еліне келген сәтте ұстап, түрмеге отырғызған.

БАҚ мәліметінше, митингіге шамамен 50 мың адам қатысқан. Олардың бірқатары қолына "Мишаға бостандық" және "Саяси қудалауға жол жоқ" деген плакаттар ұстап тұрды. Демонстрация өтпей тұрып парламент маңына арнайы жасақ мінген автобустар қойылды.

Көшеге шыққан халық Саакашвилиді босатуды талап етіп, қазіргі үкіметті сынға алды.

Саакашвили 2018 жылы Грузияда сырттай сотталған. Сонымен бірге оған қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалған. Қазір түрмеде отырғанэкс-президент аштық жариялады. Ол қыркүйекте өзін түрме күтіп тұрғанына қарамастан "елді құтқару үшін" Грузияға баратынын айтқан.

Қазанның басында өткен жергілікті сайлау кезінде Саакашвили негізін қалаған елдегі негізгі оппозициялық күш – "Біртұтас ұлттық қозғалыс" басқарушы "Грузин арманы" партиясынан жеңілген. Алайда билік партиясы Тбилиси, Батуми, Кутаиси, Поти және Рустави сияқты негізгі қалаларда 50-пайыздық межені бағындыра алмады. Бұл қалаларда сайлаудың екінші туры 30 қазанда өтеді.

Былтыр оппозициялық партиялар "Грузин арманы" жеңген парламент сайлауының әділ болмағанын айтқаннан кейін елде саяси дағдарыс ушыққан.

Грузияны 2004-2013 жылдары басқарған Саакашвили 2018 жылы екі іс бойынша бәрін қосқанда 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-президент барлық айыпты жоққа шығарып, істің саяси астары барын айтқан.

10 қазанда Саакашвилидің дәрігері Николоз Кипшидзе бұрынғы президенттің жағдайы нашарлағандықтан оны ауруханаға ауыстыру қажеттігін айтқан. Кейін әділет министрлігі Саакашвилидің жағдайы "орташа" деп мәлімдеді.