Граффити жазбалар арқылы есірткіні насихаттайтын және жарнамалаушы күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, есірткі қылмысы үшін жауапкершілікті қатаңдататын қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енгеннен кейінгі алғашқы аптада есірткіні жарнамалау мен насихаттау үшін жауапкершілік белгілейтін Қылмыстық кодекстің жаңа бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
15 қаңтарда Қарағандыда полиция қызметкерлері есірткі тарататын, интернет-ресурстар көрсетілген хабарландырулар жабыстырып жүрген қаланың екі тұрғынын ұстады. Ұсталғандардың екеуі де наркологиялық есепте тұрады, қылмыстық, оның ішінде есірткі өткізгені үшін де жауапқа тартылған.
17 қаңтарда Алматыда есірткі притонын тінту барысында танымал мессенджердегі топқа интернет сілтеме жасалған граффити-жазбасы үшін қолданылатын трафарет алынды. Притон қатысушысы ұсталып, оның қолынан есірткі тарататын әлеуметтік желідегі топқа сілтеме көрсетілген парақшалар алынды.
Дактилоскопиялық, сот-биологиялық және наркологиялық сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнынан ұялы телефондар алынды. Олардағы ақпарат осындай жарнаманың «тапсырушыларымен» өзара байланыстарын анықтауға мүмкіндік береді.
Ішкі істер министрлігі 11 қаңтардан бастап есірткіні насихаттайтын және сататын интернет-сайттардың сілтемелерін таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленгенін естеріңізге салады. Қылмыстық Кодекске есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 299-1-бап енгізілді. Ол бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
«Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құралдары немесе электрондық ақпарат ресурстарын пайдаланып, қызметік жағдайын пайдаланып жасалса 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді»,-делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.