16 ақп, 2022 сағат 15:21

Головкин алдағы жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады


Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) Instagram-парақшасында келесі кездесуі туралы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отандасымыз 2021 жылдың желтоқсанында WBA Super белбеуінің иегері жапон Риота Муратамен (16-2, 13 КО) кездесу өткізуі керек болатын. Бірақ Жапонияда коронавирусқа байланысты карантин шаралары күшейтіліп, айқас кейінге қалды. Енді бұл жекпе-жек көктемде өтуі мүмкін. 

"Жаттығу лагеріне қайта оралып, командамды көргеніме қуаныштымын. Жуырда Жапонияда өтетін айқастың нақты күні айтылады деп үміттенемін. Дайындалып жатырмыз", - деп жазды Головкин. 

Айта кетейік, биыл Головкинмен Крис Юбенк (Ұлыбритания) және Хайме Мунгия (Мексика) секілді боксшылар кездескісі келетінін айтты. Сонымен қатар, биыл ол Сауль "Канело" Альвареспен кездесуі мүмкін деген де әңгіме бар.