Жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерді болжау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірлік саясаттың маңызды бөлігі - субвенцияларды бөлу және алып қоюды белгілеу. Аудиттің пікірінше, әдіснаманың өзін жетілдіру керек. Себебі жалпы сипаттағы трансферттердің мақсаты – бюджетті теңестіру де дұрыс айқындалмаған. Мүмкін, бюджетаралық аударымдардың мақсаты әртүрлі өңірлердегі адамдардың өмір сүру жағдайларын теңестіру болуы керек шығар. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерді болжау жүйесін жетілдіру қажет», - деді ол.
Комитет төрайымы шығындарды әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның нақты жағдайын ескере отырып, өңірлердің нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып айқындау керектігін баса айтты.
«Салық әлеуетін дамытуда ынталандыру болуы тиіс. Сосын республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бюджет қаражатының қарсы ағынын қысқарту қажет. Мәселе өте маңызды әрі күрделі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мәселе Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің қарауына енгізілетін болады», - деді Наталья Годунова.