28 сәу, 2022 сағат 14:15

Ғиният жалақысы екі есе көтерілетін медицина мамандары туралы айтты


Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният биологиялық зертхана мамандарының жалақысы екі есеге көтерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, бүгінде биологиялық агенттермен, яғни микроағзалармен жұмыс істейтін зертхана мамандары 80-100 теңге алады. Сенатта қаралған заң жобасы аясында олардың жалақысын екі есеге көтеру жоспарланған.

"Заң бойынша биологиялық қатерлі агенттермен жұмыс істейтін бейінді мамандардың еңбекақысы екі есе артады. Сонымен қатар олардың қатерлі агенттермен күнде жұмыс істеуіне байланысты сауықтыру шараларына көңіл бөлінеді. Осының бәрі заңда қарастырылған", - деді Ғиният Cенат отырысынан кейінгі брифингте.

Айта кетері, бүгін сенатта биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасы қаралған. Депутаттар оны бірауыздан қабылдады.

Заң бойынша биологиялық қауіпсіздік шараларына 25,5 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат зертханалар салу, жағдайын жақсарту, микроағзаларды ұстау, диагностика жасау, вакцина дайындау және тағы басқа шараларға жұмсалады.