18 қаң, 2023 сағат 15:46

Германияның Wintershall Dea мұнай-газ концерні Ресейден кетпек

© AP Photo/Martin Meissner

Германияның мұнай-газ өндіруші Wintershall Dea концерні Ресей нарығынан кететінін мәлімдеді.

"Ресейде бизнесті жалғастыру ақылға қонымды шаруа деп ойлаймаймыз. Басқыншылық - құндылықтарымызға сәйкес келмейді. Ол Еуропа пен Ресей ынтымақтастығына селкеу түсірді" - деді компанияның бас директоры Марио Мерен.

Концерн өкілдерінің айтуынша, Ресей үкіметі елдегі батыс компанияларының қызметін шектеген. Соның салдарынан Wintershall Dea-нің Ресейдегі активтері "іс жүзінде тоналған". Ал одан келген шығын 5 млрд еуродан асады.

Көктемде Wintershall Dea басшылығы Ресей басқыншылығына қарамастан, Ресейдегі активтерін сақтап, "Газпроммен" ынтымақтастықты жалғастыруға бекінген. Себебі Ресей нарығынан толық кетсе, компания "миллиардтаған шығынға ұшырайды" деп ойлаған.

Алайда Wintershall Dea кейінірек дауға ілікті. Концерн ресейлік "Газпромға" әскери ұшақтарына арналған конденсат тасымалдады деп айыпталды. Мұнай-газ компаниясы айыпты терістеді.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға басып кірді. Сол кезден бері АҚШ пен Еуропа елдері ресейлік компаниялармен ынтымақтастыққа тыйым салатын немесе шектейтін санкцияларды тұрақты түрде енгізіп келеді.

Басқыншылыққа жауап ретінде шетелдік компаниялардың шамамен 42 пайызы Ресей нарығынан кететінін мәлімдеген. 40 пайызы қазір жұмыс істеп жатыр, қалғаны елдегі қызметін тоқтатқан немесе шектеген.