19 нау, 2020 сағат 08:44

Германиядан келген атыраулық студенттен коронавирус табылған жоқ

Германиядан келген атыраулық студенттен коронавирус инфекциясының белгісі табылған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Индер аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлеген хабарлады.

«Әлеуметтік желіде «Индербор кентіндегі ауруханада коронавируспен ауырған науқас емделуде» деген жалған ақпарат тарады. Бізде карантинде Германиядан келген студент жатыр. Ол Еуропадағы ахуалдың қиындауына байланысты елге оралған. Оның отбасында 85 жастағы әжесі мен әке-шешесі, қарындасы бар. Олар үш бөлмелі үйде тұрады. Сол себептен, студентке Индер аудандық орталық ауруханасында карантинге жату ұсынылды. Қазір ол жеке блокқа орналастырылды. Денсаулығы жақсы, қызуы да, шағымы да жоқ. Анализ қорытындысы теріс нәтиже көрсетті. Студент карантинде 29 наурызға дейін болады», - деді Индер аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлеген.