Германия еңбек агенттігі 70 мамандық бойынша 1,2 миллион маман жетіспейтінін ескертеді. Бұл туралы "Неміс толқыны" хабарлады.
"Қазір барлық салада маман мен тағылымгерге мұқтаж компаниялар саны артып келеді. Бұл орта бизнестің бәсеке қабілетіне, демек тұтас Германияға қауіп төндіреді" деді Германия шағын және орта кәсіпорындар бірлестігінің (BVMW) атқарушы директоры Маркус Йергер 23 қыркүйек күні жарық көрген сұхбатта.
Йергердің сөзінше, білікті мамандардың жетіспеуінен көптеген кәсіпорын тапсырыстарынан бас тартып жатыр. Кәсіби білімі бар адамдарға сүйенетін мекемелердің жағдайы одан да ауыр.
"Германияда 390 кәсіп бойынша білім береді, соның барлығында дерлік жаңа студент жетіспейді" дейді ол.
Бірлестік маман тапшылығын білікті еңбек мигранттарын алдыру арқылы шешуге шақырды.
Еңбек жөніндегі федералдық агенттік 70 кәсіп бойынша маман жетпей жатқанын айтады.
2012 жылы тамызда Еуроодақтан тыс елдерден білікті мамандарды алдыру үшін "Көк картаны" (Blue Card) енгізген. Бірақ бұл бағдарлама нәтиже бере қоймады. Сарапшылар мұны Германияның еңбек мигранттары арасында танымал болмауымен байланыстырады. Бірақ кейінгі жылдары Германия шетелдік жұмысшыларға қойылатын талапты едәуір жеңілдеткен.