15 мау, 2017 сағат 09:12

Генрих Гейне: "Отан үшін ізгіліктер жолында..."

Гейне – 220

Биыл әйгілі неміс ақыны, публицист, сыншы Генрих Гейненің туғанына 220 жыл. Гейне 1797 жылы 13 желтоқсанда Дюссельдорфтегі еврей көпесі отбасында дүниеге келген.

Неміс ақынының бір топ өлеңін белгілі ақын Светқали Нұржанның аудармасында оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РОМАНДАР

ANNO 1829

Отан үшін ізгіліктер жолында
Қияр едім тамшы қанды қиналмай.
Бірақ мынау тоғышарлар торында
Ұрттам дем жоқ!
Шыным осы имандай!

Ұстап олар майлы басын жіліктің,
Көртышқандық бақыт жинап құрсаққа;
Жетімдерге өзін қимай сынықтың,
Тар рухтан кеудесі ісіп тұр шаққа.

Бар еңбегі – қалтада қол жылыту,
Қолын созу сосын сәнді шылымға.
Олар үшін ештеңе емес – ұмыту,
Бірақ біздің қалай сыймақ ұғымға?!.

Бар саудасын жиып мұнда ителіп,
Кірпіден жүн, ірімшік ап түлкіден,
Іштерінде жатқандардың ит өліп,
Жүргізбейді сасық исі мүңкіген.

Олардағы өтер сұмдық – бәрінен:
Тонау, зорлық – ас сынды ғой тұзы кем –
Тек есепке құрып қойған заңы мен
Тоқ беттердің рақымшыл жүзінен!

Ей, ақша бұлт, тұра алмаспын көп төтеп,
Мені ала кет, ауырсынбас көк біздің,
Лапландия*, Африка жаққа әкет,
Тым құрыса, Штеттинге* жеткізгін!
 
Әкет мені! – Жыраққа алып ұш, кілем!
Нәзік жанмын, кете көрші іліп ап!
Өткен кезде бұл қаланың үстінен
Қорыққаннан бұлт та қашар зымырап.

--------------------------------------
Лапландия* – солтүстік Ебіропадағы мәдени аймақ. Саама (аз ұлт) жұртының қонысы.
Штеттин* – Одер өзені жағасындағы шағын қоныс.


ANNO 1839

Германия туған отан – жан шөлім,
Мәңгі кеппес көз жасымсың сен менің!
Франция жақтан сені аңсадым,
Маған ауыр мына халық желкөңіл.

Салқын ақыл, сезімдермен мөлшерлі
Париж өмір сүріп жатыр жарқылды.
Ессіз бубен, сенім үні ең соңғы,
Үйде түнгі тәтті үндерің сарқылды!

Мәйін жандар. Бірақ сонша қырсығып
Қарсы аламын кішіпейіл тәжімін.
Риясыз отанда өмір шын сүріп,
Дөрекілеу қағылған ед қазығым.

Сәнді әйелдер. Секілді кіл сылдырмақ,
Жаратылған бос сөз бенен өсекке.
Немістердің сұлуы емес тым қымбат,
Өтінішсіз бастайды өзі төсекке.

Әлпеншектер шырқ айналып әр түпте,
Ессіз түстей жібереді даң қылып.
Бізде бәрі келтірілген тәртіпке,
Орындары белгіленген мәңгілік.

Жүрегімді сағынышым үңгіген,
Отырғанда тыныштықта мүлгіген
Шақыру ап күзетшіден түнгі мен,
Естірдеймін бұлбұлдардан үнді мен.
 
Қамсыз Шильда* орманында жыр жазып
Бақытты ақын жүрді өмірін шын сүрген!
Үн мен ырғақ өрілгенде тым нәзік
Шегіргүлдер ай астында күрсінген.

-------------------------------------------------------
Шильда* – Германиядағы орманды қоныс.

***

ОЛАФ СЕРІ

I
 
Ұлық шіркеу есігінің сыртында
Қызыл шекпен киініп тұр пенде екі,
«Мен – Әмірші!» дейтіндей зор түр-тұлға,
Екіншісі – сарайының жендеті.

Әміршінің үні жүрек жарғандай:
«Шіркеу әні аяқталар шағында,
Некеқияр бітіп те енді қалғандай, –
Ал айбалтаң даяр болсын жаныңда».

Соқты қоңырау. Естілді орган дүңкілі,
Қалың нөпір шықты ағылып шіркеуден.
Алашұбар көптің артып ынтығы
Жас жұптарды тұр бұлт болып бүркеумен.

Өлік сынды, сұп-сұр жүзі мұздақтай,                                           
Жас ханымның қайғы басқан көңілін.
Олаф сері қарайды оған міз бақпай,
Өткір күлкі көркеп қызғылт ерінін.
 
Мырс етті де ол нән корольге қас қыла,
Тіл қатты оған қызғылт ерінін ашты да:
«Қайын атам, ар ма?! Бүгін бас мына
Қойылады айбалтаның астына.

Өлем бүгін. Ұсынғанмын мойынды,
Өмір сыйла түн ауғанша тек маған.
Өткізейін өзім бүгін тойымды,
Шулы думан, биден тулап сәтке қан.

Өмір сыйла, өмір сыйла, соңғы ірет
Биге басып қалу үшін ақ боран!
Соңғы шара қалмасыншы мөлдіреп,
Түн ауғанша өмір сыйла тек маған».

Жендетке айтқан тыңда король күбірін:
«Күйеу балам жаны қолда барында
Түн ауғанша ұзартамын ғұмырын –
Ал айбалтаң даяр болсын жаныңда».
                     
II

Неке-үстелге серіні алды шақырып,
Соңғы шара бал шарапқа мелдеп бір.
Құлады әйел иығына аһ ұрып,
Ал есіктің алдында әлгі жендет тұр.

Сансыз шырақ алаулары елбіреп,
Кетті қонақ сән сарайды кернеп кіл.
Түн ортасы. Би боп жатыр соңғы ірет.
Босағада сол баяғы жендет тұр.

Скрипка пернесінде арманды үн,
Ал флейта шығарады үн шерлі, өткір.
Жаны сыздап биге назар салғанның…
Босағада сол баяғы жендет тұр.

Би жалғасты, зал қалтырып, үн суыт,
Тіл қатты ері – үнін қайғы меңдеп тұр:
«Сүйем сұмдық!..
Қабір, бірақ тым суық…»
Босағада сол баяғы жендет тұр.

 III

О серi Олаф, соқты соңғы сағатың,
Өміріңнің пішіп қойған өлшемін.
Король қызы сүйді, жойып тағатын
Еркін, қамсыз білмей және мөлшерін.

Қараңғыда қалды айбалта жарқылдап,
Монахтардың дұға-жыры мәңгіріп.
Қызыл шекпен киген кісі ән тыңдап,
Ал қасында жатыр қара жаңғырық*.
--------------------------------------
Жаңғырық* – бас шабатын ағаш.

Қара есіктен алып шықты серіні,
Аула түгел жарқылдайды отпенен.
Күлімсіреп оның қызғылт еріні,
Сол еріні кенет ғажап төкті өлең:

«Мадақ саған, уа, алтын күн, күміс ай,
Уа, ақ жұлдыз, көкті нұрға бөлеген,
Құсқа мадақ – жүрегіне үні сай
Талай төккен шаттық әнін төбеден.

Теңіз бен көк, даңқың артсын мәңгілік,
Қырдағы өскен гүлге арнаймын тегін жыр,
Даңқ – саған, шегіргүлдер бал қылық –
Әйелімнің көздеріндей көгілдір.

Шегіргүл-көз – жардың көзі ол жарқылды,
Өзің үшін өмірімді қидым мен.
Бадам тоғай, асырамын даңқыңды,
Сені маған алғаш ірет сүйдірген!»
                     
ПСИХЕЯҒА*

Қолдарында тіп-титімдей шырағдан,
Қанында оның ыстық жалын лапылдап, –
Именсе де Психея құмардан
Жас құдайға барып қалды жақындап.

Иілді оған, қандай ғажап сиқы һәм
Ұйқыдағы құдайлардың!
Олла, шын!
Бірақ кенет оянды да ол ұйқыдан,
Кетті тастап салтанатты ордасын.

Екі мың жыл жалбарынып әлек тым,
Тәнін сатты ол азаппенен араны аш –
Жалғыз сәтке көру үшін Эроттың*
Сол баяғы балғын қалпын жалаңаш.
                
-----------
Психея* – к. грек мифологиясындағы көбелек-қыз.
Эрот* – к. гректің махаббат құдайы.                                          

БЕЙТАНЫС

Кездесуге мен күн сайын үсігем,
Алтынбұйра шашты аруды көрмек боп,
Тюильридің* ескі бағы ішінен
Талшындардың жұпарына мелдектеп.

Ол қыз еркін сайрандайды күнімен,
Қос кәрі әйел ереді ізден үндемей…
Екі әпкесі? Әлде бұлар шынымен
Белдемшелі драгун боп жүрмегей.

Ешкім толық бере алмады мәлімет,
Ол ару кім! Ол жайында білмек боп
Әркімдердерден сұрастырдым, мәні жоқ…
Жабысты енді махаббаттай індет кеп.

Зәремді алды қос серігі сұсты бет,
Мұрттарының көрген кезде әр талын,
Ал, абзалы, олардан да күштірек
Мен өзімнің жүрегімнен қорқамын.

Тіл қатудан күдер үздім мүлде мен,
Әр күн сайын кездеседі ерке елік.
Әлек болдым әрең-әрең ымменен
Ұқтырмақ боп, жүргенімді өртеніп.

Бүгін ғана мәлім болды ат-нәмі –
Лаура екен бұл арудың есімі.
Сол баяғы Прованс* жақтағы
Қызбен аттас – ғашық болған хас ұлы.

Сен – Лаура! Петраркадан даңқы ұлы
Кем емен деп мен өзіме иланам –
Канцона мен сонеттері арқылы
Сүйген жанға мәңгі даңқ сыйлаған.
 
О Лаура! Петраркадай пәктікпен
Мынау есім түсер маған қымбатқа –
Тыныстаймын платондық* шаттықпен…
Енді қайтып келмесе де ол бұл баққа.
-------------
Тюильри* – Париждегі корольдер сарайы.
Прованс* – Ф. Петрарканың Лаурамен алғаш кездескен жері.          
Платондық сүю* – махаббаттағы аса биік қатынас.                                  

***

МЕТТА ХАНЫМ

Дат балладасы

Шарап ішті Петер, Бендер. Қараңғы.
Бендер үні тым ызалы тек қана:
«Сен әніңмен жаулайсың бар ғаламды,
Бірақ оның жетпейді әлі Меттаға».

Деді Петер: «Жеңсең, – атым мінгізем,
Ал сен анау топ тазыңды бәске тік.
Мен Меттаңды әнмен арбап кіргізем
Өз үйімнің ауласына кештетіп».

Түн ауғанда Петер енді қолға алды
Жан сырласы лютнясын күй тілді.
Тәнті қылып өзен, қырды, орманды
Ағылды-ай бір ғажап үндер сыйқырлы.

Әуенді естіп өзен бірден жым болды,
Талып қалды сыбырласқан тал ынжық,
Айдың жүзі боп-боз болып үлгерді,
Ал жұлдыздар назар салды абыржып.

Дәл сол сәтте кетті оянып Метта да:
«Кімнің әні мені ұйқымнан оятқан?»
Киіне сап сіңді түнге қап-қара, –
Бармағаның жөн еді ғой, әй, әттең!

Қырдан асып, өзен қалды ұлы ағыс,
Өтті жыныс тоғайдан да мүлгіген.
Петер мырза ауласына тым алыс
Арбап ертіп барды сыйқыр үн кілең.

Таңда үйіне қайтып келді ол оралып,
Күйеуі тұр босағадан қарсы алып:
«Кеттің қайда жеті түнде жоғалып,
Аяғыңды шыққа малып соншалық?»

«Су перілер кетті мені шақырып,
Олардың бір керек болды кеңесі.
Ал олардың патшайымы атылып
Биге басты, тастай суда денесі».

«Бекер, жарым, су періге барғаның,
Ал ол жерде құрғақ, құмдақ жағалау.
Не жасырар бетіңдегі қан дағын,
Ненің ізі аяқтағы жара анау?»

«Тыңдау үшін түнде орманға кеттім мен,
Көк перісі қалай әнге салғанын.
Бұтақтардан аяқ пенен бет тілген
Байқалмапты жараланып қалғаным».

«Көк перісі, бірақ жайлы мамырда
Жыйылып ап салады әнге үздігіп.
Орман тұттай күздің мынау шағында
Ысқырады суық үнді ызғырық».

«Кеттім түнде Петер Нильсен үйіне!
Судан өттім, тоғайлардан жықпыл жат,
Оның әні сай кеп ішкі күйіме,
Тылсым әлем алды мені тұтқындап!

Оның әні өлім құсап тәтті елтед,
Онда сұмдық қара күш бар сұрапыл,
Әнді жалын жүрегімді кетті өртеп,
Маған ажал келіп қалды, міне, ақыр».

Шулап жатыр қоңыраулар қаралы,
Әншілер де қара киіп жоқтады,
Жанарлары жас төгеді налалы,
Бәрі аяйды сол бақытсыз Меттаны.

Бендер мырза табытқа кеп қаяулы,
Бірде күліп, бірде еңкілдеп жылайды, ал:
«Мен айрылдым жұбайымнан аяулы,
Көзден бұлбұл ұшпақ және құмайлар».
            
OLLEA*
САЯХАТТА

Сені әйелің тастап кетсе – тарс ұмыт,
Тұрақты деп сенгеніңе күліп тек.
Басқаны сүй, тағдырыңа қарсы ұрып
Қоржынды іліп не сапарға шығып кет!

Шөл көресің, көл көресің,
сая боп
Қарсы алады мәжнүнталды тоғайлар,
Жүрегіңді өртесе ептеп баяғы от,
Барлық ісің көз алдыңда оңайлар.

Күрсінесің, тауға жетіп аласың,
Шыңға шығып, тұрақ қылып тал түбін.
Дүр сілкініп, кеңістікті шоласың
Естігенде қырандардың шаңқылын.

Қыран сынды қылады азат бұл ара,
Жаңа өмірдің ашасың сен мазмұнын.
Түсінесің құз жартаста құлама,
Өткеніңде жоғалтқаның аздығын.

-----------------------------------------------------------
*Испанның ұлттық тамағы; бұл жерде: қоспа.
                                          
КАМИНДЕГІ ЕСКІ ЖЫР

Сермейді боран бишігін,
Әйнекті сабап қары да.
Құп-құрғақ менің үйшігім,
Жып-жылы, жайлы жаныма.

Каминге беріп жүзімді,
Өткенді небір еске алдым,
Шәугімнің үні ызыңды
Әуені сынды ескі әннің.

Мысық та жатыр ән тыңдап
Ұйқылы-ояу пырылдап.
Каминнің оты жалпылдап…
Өзгердім, бойым шымырлап.
 
Елестеп көзге мәңгі көш –
Ұмыт боп кеткен ғасырлар,
Алабажақты сәнді кеш,
Дәурені көшкен асылдар.

Әйелдер сәнді
шаршаңқы
Кейіппен таңба ұсынып,
Масқарапаздың бар салты –
Ән салып, билеу ұшынып.

Шұғыласын ай да шашты тым,
Мәрмардай таза өңменен.
Қалғиды бақта тас мүсін,
Тербеліп гүлдер желменен.

Тұманда жүзіп тас қорған,
Алаулар жарық тарқатты.
Дабылдың үні басқарған
Барады шауып салт атты.

Кернейлер бұрды көңілді,
Құлаққа дүбір, у-шу кеп…
Қап!.. Шәугім тасып төгілді,
Баж етті мысық су-су боп!..

 БЕКЕРГЕ ҚАЖУ                 

Мен өзімді жиі көрем түсімде,
Жалындаған ғажап гүлдер ішінде.

Тілекпенен, мұңмен оның жұпарын
Зарық толы көкірекке жұтамын.

Әттең, бiрақ үміт атты жіпті үздік,
Арамызды бөліп жатыр түпсіздік.

Аңсарымның қатты екпіні тым, бірақ,
Шерлі жүрек көкіректі ұрғылап.

Қонақтықта арбар жұпар бораған!
Тұңғұйықтан қалай өтем мен оған?

Титтей пері, жалынамын жандәрмен,
Көпір соғып бермеймісің балғаңмен?

ПЕРІШТЕЛЕР

Мен боламын, ханым, Фома Күмәншыл,
Жүрегіме соқыр сенім жұқпаған.
Римің де екіжүзді ұраншыл,
Иерусалим де қажет емес түк маған!

Бірақ басқа от жылытады жанымды,
Сенем соған, тірі жүрсем өмірде:
Нұрдан болған періштелер кәдімгі,
Сүреді өмір түсімде емес, өңімде.

Көрдім оның жерлік емес ажарын,
Не ғажаппен теңейсіңіз бетті ана!
Ажарына байланып қап назарым,
Қанаттарын байқамадым тек қана.

Дәйім біздің жанымызда ол болады,
Ұмыта алман ашық жүз бен қолды ізгі,
Қорғап ылғи мейірімді жанары,
Қатерлерден құтқарады ол бізді.

Елден ерек төгілгеннің жасы көп
Қасына кеп бөліседі қайғыны –
Кім екі есе шексе егер де қасірет,
Кім жырымен болса көпке әйгілі.


Тәржіман – АЙТ-МАН,

Ұлт порталы