© Sputnik / Сергей Ким
Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев үкім жарияланатын кезде сотқа келмеген, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы 3 сәуірге сағат 10:00-ге шегерілді.
"Сотталушының сот отырысына келмеуіне байланысты сотталушының дәлелді себептерін растайтын мәліметтер жоқ.
Соған байланысты Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157 және 335-баптарына сәйкес, сот Күдебаевты көрсетілген уақытқа мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарды", - делінген сот хабарламасында.
Айта кетейік, 10 наурызда генерал Күдебаевтың ауруханаға түскені белгілі болды. Сол күні ол сотқа келуі керек еді, онда оған қатысты үкім шығарылатыны айтылған. Алайда бұрынғы полиция бастығының сот процесі белгісіз мерзімге шегерілді. Содан соң үкімді жариялау тағы үш рет кейінге қалдырылды.
Бұған дейін полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін" орташа қауіпсіздік колониясында тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылды.
Еске салайық, Күдебаев былтыр сәуірдің аяғында өз еркімен қызметінен босатылды. Ал мамырда ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды.