Фото: aikyn.kz алынды
Қазақстан 2006 жылдан бері гендерлік саясатты дамытуды қолға алған. 2030 жылға дейінгі гендерлік теңдік стратегиясы әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Гендерлік қатынастар ең алдымен отбасының берік болуына тікелей әсер етеді. Гендерлік теңдік жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің жауапкершілігі мен тұрмыстық, экономикалық функциялары жоғарылайды.
Отбасыдағы гендерлік теңдік ерлі-зайыптылардың бір-бірін құрметтеуіне, өзара түсіністікке және қолдауға негізделген. Әділеттілік пен теңдік сақталса, екі жақ та отбасы үшін жауапкершіліктерді тең бөліседі, бұл отбасы құрылымын нығайтады. Жұмысты, балаларды тәрбиелеуді және үй шаруасын бірге атқару стрессті азайтып, отбасының берік болуына көмектеседі.
Бұл ретте 2030 жылға дейінгі тұжырымдама аясында Қазақстанда жыл сайын 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні атап өтеді. Бұл күнге арналған іс-шаралар отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы мен бірлігін күшейту мақсатында өткізіледі. Сонымен қатар, отбасыларды қолдауға бағытталған түрлі фестивальдер мен форумдар ұйымдастырылады.
Бұл мереке 1993 жылы Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясымен бекітілген. Алайда отбасы туралы замануи көзқарастар бүгінде басқаша сипатта. Мысалы Еуропада дәстүрлі отбасы ұғымы өзгергеніне талайдың жылы өтті. Себебі соңғы 30 жылда азаматтық некені таңдайтындар саны артқан. Ал жастар 40 жасқа дейін отбасын құруға асықпайды. Олар бірінші өз жеке басының қамын ойлайды. Жағдайын жасап алуға тырысады. Себебі ажырасу үшін мемлекетке қыруар ақша төлейді екен. Ал Қазақстанда бұл үрдіс әйелдердің белсенділігінің артуымен байланысты.
«Менің ойымша, әйелдердің қоғамда белсенді болғаны жақсы. Егер әйелдер дәстүрлі қалыптасқан қоғамда, немесе діні басымдау елдегі жағдайда өмір сүрсе, қоғам толық дамымайды деп ойлаймын. Ал мемлекет даму үшін әр бір адам еңбек етуі керек. Экономикалық тұрғыдан мен әйелдердің кәсіп жасап, билікке араласқанын қолдаймын. Мысалы «Мазмұндама» баспасында 50-жуық адам қызмет етеді. Оның басым бөлігі, аудармашылар, шығарушы редакторлар, корректорлардың барлығы әйелдер. Себебі әйелдердің атқарушылық және орындаушылық қасиеттері ер азаматтардан жоғары. Алайда, әйелдердің белсенді болуы – жігіттер белсенді емес дегенді білдірмейді. Әйелдер қазір біртіндеп өздерінің толмай қалған ваккумдарын толтырып келеді. Себебі қоғам ашық. Ақпарат ағыны кең», - деді «Мазмұндама» қорының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан.
Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл үрдістің кем тұсы бар. Әйелдердің білімі артқан сайын, тұрмыс құру ықтималдығы төмендейді. Бұл жағдай Сингапурда болған. Дегенмен, әйелдердің білім алып, өздерін дамытқаны болашақ ұрпақ үшін дұрыс дейді қоғам белсендісі.
«Демографиялық толқын деген түсінік бар. Яғни, білімі төмен, экономикалық жағдайы нашар, көп оқымаған елдерде бала туу көрсеткіші жоғары болады. Ал қоғам оқыған сайын, білімге ұмтылған сайын, жұмыс істеген сайын бала туу күрт азаяды. Қазақстан мен Израиль елінде бір ұқсастық бар. Жан басына салғандағы табысымыз орта деңгейде. Ал мұндай деңгейде демографиялық дүмпу болмау керек. Бірақ бізде демографиялық дүмпу бар. Израильде де солай», - деді Шыңғыс Мұқан.