17 мау, 2022 сағат 16:13

Ғалымдар Каспий итбалығының қырылу себебін неге анықтай алмады


Мамандар Каспий теңізінде итбалықтардың қырылуына нақты не себеп болғанын анықтай алмаған. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың сөзінше, жануарлардың өлексесі ыдырап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Ғылыми ұйымдар зерттеу жүргізгенімен, итбалықтардың нақты неден қырылғаны анықталмады. Тек жанама себептер бар. Мамандар итбалықтар сәуір-мамыр айларында емес, қаңтар-ақпанда өлген деп қорытынды шығарды. Тағы бір болжам, ол – қыс мезгілінің өте жылы болуы. Яғни, аталған су жануарлары мұздың үстіне күшіктейді. Ал биыл жылы ауа райы болып, мұз еріп кетті. Сондықтан күшіктер суға түскен. Ал жаңа туған итбалықтардың терісінде судан қорғайтын қабыршық болмайды. Бүгінде 220 өлексе табылды. Соның 50 пайызы жаңа туған итбалықтар», - деді Бахиянов.

Сондай-ақ, комитет төрағасының орынбасары табылған өлекселердің дене мүшерінде қолдан жасалған жарақаттар барын айтты.

«Табылған бірнеше итбалықтың басы және өзге де мүшелері қасақана кесіп алынған. Біздің болжам бойынша жануарлар заңсыз балық аулау құралдардарына түскен. Ал браконьерлер өз қылмысын жасыру үшін итбалықтардың басын кесіп тастаған», - деді ол.

Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтына барғанда Каспий итбалығының азайып кету себебін зерделеп, осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізу қажеттігін айтқан еді. Президент осы өзекті мәселені өз бақылауына алатынын айтты.