Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжан жекелеген мекемелердің өз атауларын толық бекітіліп үлгермеген латын қарпінде жазуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл әліпбидің тарихын білесіздер. Ең алдымен, Парламентте диграф әліпбилер туралы әңгіме қозғалды. Бірақ ол ресми түрде бекітілген жоқ. Содан кейін Елбасының Жарлығымен апостроф таңбасы қойылған әліпби бекітілді. Алайда халықтың пікірі ескеріліп, ол Жарлыққа өзгеріс енгізілді. Қазір біз акут таңбасы бар алфавитті қолданамыз. Қазіргі акут таңбасымен алынған әліпбиіміз «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толығымен сәйкес келеді. «Ш» мен «Ч» әріптері ғана осы приципке үйлеспейді. Диакритиканың түр-түрі бар. Акут таңбасы бар әліпби соның ішінде, біз үшін ыңғайлы диакритика бойынша жасалды. Соған қарамастан, Президент тапсырмасы бойынша әліпбиді тағы да сынақтан өткіземіз. Бірақ бұл алфавит толығымен ауысады дегенді білдірмейді. Бұл алфавитте жұрттың көңілінен шыққан әріптер көп, 90 пайызы дұрыс», – деді Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжан бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ғалымның мәлімдеуінше, бүгінде бекітілген латын әліпбиіне өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жаңа әліпбидің каллиграфиялық үлгісін Ы. Алтынсарин атындағы Білім беру академиясының психолог, педагог, дизайнер, тілтанушы, әдістеме мамандарынан құралған жұмыс тобы әзірлеп жатыр. Менің білуімше, ол дайын болып қалды. Егер қазіргі әліпбидің әріптері өзгерсе, каллиграфия да тез арада соған сәйкес өзгертіледі. Білім және ғылым министрлігі 2021 жылдан бастап әліппені латын әліпбиімен дайындайды. Сондықтан да каллиграфиялық үлгі де аталмыш уақытқа дейін әзір болады. Бекітілген дүниені өзгерту өте қиын. Сондықтан бекітілмеген әліпбимен таңбалау тәжірибелері орынды деп санаймын. Көбі мекеме маңдайшаларын бекітілмеген латынмен жазып алып, ертең тағы шығындалады деген сын айтылып жүр. Кез келген мемлекеттік мекеменің маңдайшасындағы жазу 6 айда бір рет ауыстырылып отырады. Себебі күнге оңады, желге тотығады. Сондықтан ол сын – негізсіз», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, латын әліпбиіне көшу әдістемесін әзірлеуге мыңнан астам маман қатысты.