Қазір отбасымен Израильде тұратын ресейлік әзілкеш әрі тележүргізуші Максим Галкин Пасха қарсаңында ресейлік әскерилердің Одессаға зымырандық шабуылына қатысты Instagram парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұрын хабарланғандай, Одессадағы әуе соққысы салдарынан сегіз адам қаза тауып, 18-20 адам жараланған. Қаза тапқандардың арасында үш айлық сәби де бар.
"Пасха қарсаңында ресейлік қанатты зымырандар Одессадағы тұрғын үйге соққы жасады. Салдарынан бірнеше отбасы мен үш айлық бала қайтыс болды. Сонда қалай? Маған түсіндіріңізші. Қанатты зымырандар тұрғын үйлерге неге соққы жасады. Әлде тағы біз емес пе?”, – дейді Галкин.
Шоумен ресейлік тараптың нұсқаларының бірін естігенін, зымыран неліктен тұрғын үйге тигенін де айтты.
“Мен дәлдігі жоғары зымырандар тұрғын үйге тигенін естідім. Себебі украиналық әуе қорғанысы бұл зымырандарды атып түсіріпті. Яғни әуе қорғанысы жұмыс істемеуі керек екен. Сонда бәрі жақсы болар ма еді? Осыншама сұмдық жағдайға Ресей кінәлі, сөйте тұра кінәлі емеспіз дейді. Бучадағы жауыздықты жасаған біз емес, Одессаға зымыран ұшырған – ол да біз емес. Мариуполь жермен жексен болды – тағы да біз емес. Сонда орыстар ол жерде не істеп жүр?” - деп сұрады ызалы Галкин.